Oct 25

Профессор Құсайынов Қаппас Құсайынұлы атына берілген кеңейтілген №9 дәрісхананың ашылу салтанаты

2018 жылдың 20 қазанында физика-техникалық факультетінде техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының корреспондент мүшесі Құсайынов Қаппас Құсайынұлы атына берілген кеңейтілген №9 дәрісхананың ашылу салтанаты өтті.
Кеңейтілген дәрісханаға орнатылған тақтайшаны және дәрісхананы ашу лентасын қию рәсімі университетіміздің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, т.ғ.д., профессор Омаров Хылыш Бейсенұлы және Қаппас Құсайынұлының жұбайы Гүлнар Болатқызымен жүзеге асырылды.


Іс шараны физика-техникалық факультетінің деканы Нүсіпбеков Бекболат Рақышұлы жүргізді. Алғашқы сөзді профессор Омаров Хылыш Бейсенұлы бастап, әрі қарай профессор Ж.С. Ақылбаев атындағы инженерлік жылуфизикасы кафедрасының меңгерушісі Шаймерденова Гүлжан Мейрамовна жалғастырды. Аталмыш іс-шараға Қаппас Құсайынұлының достары Темірғали Әбділдаұлы, Сәбит Сеитович, Сейдахмет ағаларымыз да келген болатын

Қаппас Құсайынұлының қайраткерлігі, ұстаздығы, еңбек жолы жайлы айтылған естеліктер легі кейінгі ұрпаққа өлшеусіз асыл мұра қалдырған шәкірттері профессор Шыныбек Қаратаевич, Бейсенбай Куанышевич сөздерімен жалғасты.

Жиынға келген қонақтарға абзал азамат, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз бола білген Қаппас Құсайынұлы білім беру саласындағы, соның ішінде жастарды тәрбиелеудегі ерен еңбегі, адами тұлғасы, бекзат болмысы мен биік парасаты туралы естеліктерінен сыр шертуге ортаға әріптестері Байкенов М.И., Лауринас В.Ч., Исмаилов Ж.Т., Кудусов А.С. шақырылды.

Ірі де ілгері, ізгі де ілтипатты, текті де танымал тұлғаның бірі Қаппас Құсайынұлы ұлағатты ұстаз, атақты ғалым бола отырып, қамқор аға, аяулы жар, асқар таудай әке, мейірімді ата бола білді.
Қаппас Құсайынұлы атындағы кеңейтілген 9 дәрісхананың жабылу салтанаты қарындасы Дариға Құсайынқызы және аяулы жары Гүлнар Болатқызының алғыс тілек ниеттерімен аяқталды.
Еліне елеулі, халқына сыйлы, іскер басшы, ізденушілікпен, шығармашылықпен, қызмет атқаратын, мақтауға да, мақтануға тұрарлық шебер ұйымдастырушы, мейірбанды және ұлт жанды, жастарға тәрбие бере алатын ұлағатты ұстаз, әрі ғалым Қаппас Құсайынұлы жарқын бейнесі болашақ ұрпағы мен көзкөргендердің жүрегінде әрқашан жарқырап тұра берері сөзсіз!

Профессор Ж.С.Ақылбаев атындағы инженерлік жылу физикасы кафедрасының ұжымы

Top