Jan 24

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ұжымына жаңа ректорды таныстырды

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Азамат Тіржанұлы Едрисов Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жаңа ректоры атанды. Жаңа басшы ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамына ресми түрде таныстырылды.

Университеттің бұрынғы басшысы – заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Қиноятұлы Көбеев аталған лауазымда 15 жыл қызмет етті. Оның еңбек жолы (35 жылдан астам) Қарағанды мемлекеттік университетімен тығыз байланысты.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошанов ұзақ әрі белсенді қызметі үшін Еркін Қиноятұлына алғыс айтып, Құрмет грамотасын табыстады.
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Азамат Тіржанұлы Едрисов жаңа қызметке ректорларды таңдау бойынша республикалық конкурстық комиссияның шешімімен тағайындалды. Конкурсқа бес үміткер қатысты.

Азамат Тіржанұлы Едрисов 53 жаста, Қарағандының тумасы, ҚарМУ-дың физика факультетін бітірген. Өз еңбек жолын осы жерде бастаған. Мәскеудегі Карпов атындағы физикалық химия ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдаған.

Аспирантурадан кейін 1993 жылдан бастап Органикалық синтез және көмірсутегі институтында жетекші инженер және атқарушы ғылыми қызметкер лауазымдарында жұмыс істеді.

2006-2014 жылдары Қарағандыдағы Қазақстан-Ресей университетінің бірінші проректоры болды.

2006 жылы химия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. 2010-шы жылдан бастап профессор. 2012 жылы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болып сайланды.

2014-2015 жылдары – Білім және ғылым министрлігінің Астана қаласындағы Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары.
2015 жылдан бастап Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры болып тағайындалғанға дейін Назарбаев университетінде күн энергетикасы зертханасын басқарды.

Азамат Тіржанұлы Едрисов – 70-тен астам ғылыми еңбектің, екі монографияның және бір оқулықтың авторы.

Дереккөз: https://karaganda-region.gov.kz/ru/news/id/25162









Top