Jan 03

Латын жазуымен жазылған қазақ тіліндегі оқулық

2017 жылдың 29 желтоқсанында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде латын жазуымен жазылған қазақ тіліндегі төрт оқулықтың және iOS платформасында кириллицадан латынға транслитерацияда мобильді қолданба таныстырылымы өтті.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бұл Қазақстанның тарихи қажеттілігі, бұл әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігіне енудің қосымша мүмкіндігі. Латын графикасын енгізу ұзақ мерзімдік нәтиже береді, сондықтан мамандандырылған әдебиеттердің басым көпшілігі, әдістемелік оқу құралдары ағылшын тілінде немесе латын графикасын қолдану арқылы жарық көреді.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті оқытушылары қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бағдарламасы аясында «Algebra», «Di’fferenci’alyq ten’dey’ler», «Elementarlyq matematika», «Injenerli’k reologia» атты латын жазуымен жазылған қазақ тілінде экспериментальді төрт оқулықты дайындап, жарыққа шығарды. Аталған оқулықтардың мақсаты студенттер мен магистранттарды тиісті оқу пәндерінің негіздерімен таныстыру болып табылады.

«Algebra» оқу-құралы университеттің бакалавриат бағдарламасы бойынша қамтитын алгебраның негіздерін студенттерге таныстыру себебімен жазылған. Берілген мағлұматтардың көлемі келесі тақырыптарды қозғайды: матрицалар алгебрасы мен анықтауыштардың негізгі қасиеттері, сызықтық кеңістіктермен олардың түрлендірулері, группалар, сақиналар және өрістер теориясының негізгі мағлұматтары, сонымен қатар көпмүшеліктермен комплекс сандар теориясының негіздері.

«Elementarlyq matematika» оқу құралының мазмұны арифметика, алгебралық теңдеулер мен теңсіздіктер, трансценденттік теңдеулер мен теңсіздіктер, көрсеткіштік және логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктер, геометрияның негізгі элементтері тақырыптарына арналған. Осы тақырыптар бойынша практикалық материалдар берілген, тапсырмалар қамтылған. Теориялық материал көптеген мысалдармен бекітілген.

«Di’fferenci’alyq ten’dey’ler» оқу құралында бірінші ретті дифференциалдық теңдеулер, жоғарғы ретті дифференциалдық теңдеулер, дифференциалдық теңдеулер жүйесі, олардың қасиеттері, шешімдерін табу әдістері, орнықтылық теориясы қарастырылған. Сонымен қатар, шекаралық есептер, Грин функциясы, меншікті мәндер мен меншікті функцияларды табу теориясы баяндалған.

«Injenerli’k reologi’a» оқу құралында реологияның негізгі түсініктері мен анықтамалары, дисперсті жүйелер мен олардың құрылымдарының классификацисы, қарапайым «идеалды» және күрделі шынайы денелердің реологиялық моделдері, тағамдық өнімдердің негізгі құрылымдық-механикалық қасиеттері және оларды өлшеуге арналған құрылғылар мен әдістері, тұтқыр-пластикалық орталар үшін құбыр желілері мен транспортты құрылғылардың реодинамикалық есептері қарастырылып, электроимпульсті әдіспен сүтті өңдеудің жолдары келтірілді.

Тұсаукесерге сондай-ақ математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Айдамир Әскертайдың құрастыруымен жасалған iOS платформасында кириллицадан латынға транслитерацияда мобильді қолданба көрсетілімі кірді.








Top