Mar 15

«Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабының тұсаукесері.

2018 жылдың 14 наурызында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабының тұсаукесері болды. Тұсаукесер кітап авторларымен – Ерлан Батташұлы Сыдықов – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы және осы университеттің әлеуметтік ғылымдар факультеті археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Омарұлы Артықбаевпен бірлесіп ұйымдастырылады. Тұсаукесерге көрнекті қазақстандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік билік органдарының өкілдері қатысты.

Кітап қазақтың тарихи тұлғалы қайраткері, заңгері, өз дәуірінде «билердің биі» атанған ғалым, мемлекет қайраткері, қазақ мемлекеттілігінің таңында сот практикасының құқықтық актілерін әзірлеуге лайықты үлес қосқан көрнекті тарихи тұлға Әнет баба Кішікұлының өміріне арналған. Ол өзінің туған жерінің еркіндігі, тәуелсіздігі, халықтың бірлігі мен ынтымағы үшін күресті. Осындай ізгі қасиеттері үшін халқы ол кісіні ел ақсақалы ретінде құрметтеп, Әнет баба атап кетті.

«Билердің биі» атанған бабамыз «Жеті жарғы» заңды құжатының ережелерін қатаң басшылыққа ала отырып, сол кездегі негізгі даулар мен алауыздық, келіспеушіліктерге төрелік етіп, әділ шешім шығарып отырды. «Жеті жарғының» ережелеріне сүйене отырып, ол Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясатындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға баға берді.

Әнет баба халқымыздың ең құрметті үш биі: Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының, Әйтеке би Бәйдібекұлының тікелей рухани тәлімгері болған. Әнет баба оларды шындықтың қорғаушысы, әділетсіздіктің жауы болуға үйретті, ұлы тәлімгер, ұлағатты ұстаз, ақылшы аға бола білді. Бір ғана мысал: жас Төле би кеңес алу үшін Әнет бабаға келеді. Жасы жүзге тақаған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтады. Төле бала «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдыртады. Сосын: «Балам, мынаны сындырып көрші?» — дейді. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы», – дейді. Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырады. Әнет баба: «Бұдан не түсіндің, балам?» – дейді. Сонда Төле бала: «Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой»,- депті. «Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы», – деген екен баба.

Әнет баба ұзақ өмір сүрді. 97 жасында бес ұлымен бірге Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күрес кезінде дүние салады.

Кітаптың тұсаукесері аясында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының ашылуы болды. Университет қонақтарына экскурсия ұйымдастырылды.



























Top