Apr 02

Қазақ жазуының жаңа белесі

2018 жылдың 28 наурызында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универитеті Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығында «Қазақ жазуының жаңа белесі» атты дөңгелек үстел өтіп, қазақ жазуының тарихы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелеріне қатысты ұсыныстар, латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесінің оңтайлы жақтарына арналған  пікірлер жан-жақты талқыланды.

Дөңгелек үстелге қатысқан академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универитеті профессор-оқытушылар құрамы, Қарағанды қаласы жоғары оқу орындарының, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының өкілдері латын әліпбиіне көшу барысындағы өзекті мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды.

Алдымен Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының маманы Т.Аманжолова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарына қатысты орталықта атқарылған іс-шараларға тоқталып, болашақ жоспары туралы айтты және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті профессор-оқытушылар құрамы үшін сәуір айынан бастап өтетін қазақ жазуының тарихына арналған шолу дәрісінің мақсат-міндетімен таныстырды.

Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Мажитаева жаңа қазақ әліпби нұсқалары туралы шолу жасап, қазіргі әліпбидің ұтымды жақтары мен әлі де жетілдіретін тұстарына тоқталды.

Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ.Смағұлов «Рухани жаңғыру ықпалында ұлттық әдеби мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында баяндама жасап, болашақта атқарылатын істерге тоқталса, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Е.Е.Түйте «Жаңа қазақ жазуының тиімділігі және латын әліпбиіндегі түркі тектес халықтардың тәжірибесі» атты баяндамасында бізден бұрын латын әліпбиін қабылдаған Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің оңтайлы тұстары мен кемшіліктеріне сараптама жасады, жаңа қазақ жазуының маңыздылығы туралы сөз қозғады. қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы А.С.Әділова биылғы оқу жылында оқу жоспарына енгізілген «Латын графикасы» пәнінің қажеттілігіне тоқтала келіп, аталған пәнге қатысты оқу-әдістемелік құралдарды дайындаудың маңыздылығын айтты.

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Б.Кәукербекова болашақта атқарылатын іс-шаралардың маңыздысы ретінде білім ордаларында латын әліпбиі мен емле ережелерін үйретудегі өзекті мәселелерге, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы Ә.Ж.Қашқынбек Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универитеті мен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының болашақта бірлесе атқаратын іс-шаралары жөнінде айтып өтті.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті қазақ тілі мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қ.С.Қалыбекова, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері А.Құлжанов, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасының оқытушысы Қ.Бажикеев, Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Қ.Асқаров,  Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универитеті филология факультетінің студенті Г.Елубай латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде емле ережелерін әзірлеуде, орфографиялық, орфоэпиялық, терминологиялық сөздіктер жасауда назарда ұстайтын мәселелерге, латын әліпбиін және емле ережелерін үйретудің тиімді жақтары жайында өз ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жаңа қазақ (латын) жазуына қатысты пәннің студенттер үшін қажеттігі, оқу-әдістемелік құрал дайындау маңыздылығы, жаңа әліпби мен емле ережелерін үйретуде ересектер мен күнделікті жазу-сызумен айналыспайтын маман иелері үшін кешкі мектептер мен үйірмелердің керектігі туралы қорытынды жасады.









Top