Apr 02

«Студенттік өмір — көтеріңкі көңіл» деген тақырыпта Көңілді тапқырлар сайысы

2018 жылдың 19 ақпанында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен А. Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі студенттері арасында «Студенттік өмір — көтеріңкі көңіл» деген тақырыпта Көңілді тапқырлар сайысы өтті.

Өмірдің ең тамаша кезеңі – студенттік шақ. Осы жастықтың жайма-шуақ кезеңін бастан өткеріп жүрген жалынды жастар жарысқа ерекше дайындықпен келгенін ә дегеннен-ақ аңғартты. Бұл жолы екі білім ордасының сайдың тасындай іріктелген сайыскерлері Елбасымыздың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына саяхат жасап қайтты. Білімімен мойындатып, шешендігімен, тапқырлығымен көзге түскен, өнерімен көрерменнің таңдайын қақтырған, қысқа қайырғанда, ҚарМУ-дың намысын қолдан бермеген біздің жігіттер – «Арманшылдар» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Команда мүшелері алғыс хаттармен марапатталып, сыйлық та үлестірілді. Осы сайысқа арнайы келген киелі қара шаңырақтың түлегі, «Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ балалар және жастардың үкіметтік емес ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Сәттібай Жүнісов өнерпаз қыз-жігіттерді құттықтап, оларға ақ жол тіледі. Студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытатын, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген, сөз тапқыштығын жани түсетін, өзіне деген сенімділігін арттыратын, ең бастысы, көңіл-күйді көтеріп, жанды жадыратып, жүзге күлкі үйіретін осындай шаралар жиі өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Top