Apr 03

Сенаторлармен кездесу

2018 жылдың 2 сәуірінде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін түсіндіру бойынша профессорлық-оқытушылар құрамының, студенттер, магистранттар және докторанттардың Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Георгий Владимирович Киммен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Владимир Васильевич Волковпен, сонымен қатар Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Балғатайұлы Өтешовпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында қонақтар айтулы бес бастама, ең алдымен, қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.

Бірінші бастама — тұрғын үйді сатып алудың жаңа мүмкіндіктері. Бұл өткір әлеуметтік мәселені шешуге және әлеуметтік тұтынудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін еңбекке қабілетті халық үшін экономикалық жағдай жасауға, соның ішінде меншікті тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді. Осы бастамаға сәйкес «7-20-25» деп аталатын бағдарламаны іске қосу ұсынылады.

Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшыларға арналған салық жүктемесін төмендету әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетуді көздейді. Жалақысы төмен қазақстандық азаматтарға қолдау көрсету үшін салық ауыртпалығын 10 есеге төмендету ұсынылады.

Үшінші бастама – адами капиталға инвестиция ретінде айтарлықтай маңызды жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 000 грант бөлу туралы шаралары ұсынылады. Олардың басым көпшілігі жаңа экономика мен мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын өнеркәсіптік бағдарламаның қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында техникалық мамандықтарды оқытуға арналған. Басқа қалалардан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидаты аясында девелоперлік компаниялармен жатақханалар салу жұмыстары басталады. Мемлекет басшысы сонымен қатар Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды.

Төртінші бастама – микрокредиттерді кеңейту қоғамның еңбек әлеуетін дамытуға және ұтымды пайдалануға, экономикалық белсенділікті ынталандыруға және азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін теңестіруге ықпал ететін болады.

Бесiншi бастама – елдi газдандыру еліміздiң орталық және солтүстiк өңiрлерiн арзан және экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етедi. Бұл мәселені шешу үшін Қараөзек-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша бірнеше миллион адамды газбен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартатын магистралды газ құбырын салу ұсынылады. Президенттің айтуынша, бұл бастамалар әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі, олар халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, елдегі тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

Университетіміздің ректоры, профессор Еркін Қиноятұлы Көбеев «Университет ұжымы Мемлекет басшысының Үндеуін жылы қабылдады. Президентіміздің бастамалары, бірінші кезекте, жастардың болашағына жарқын жол ашады.

Әрине, біз «Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студенттік жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту» бастамасын ерекше ынтамен қабылдадық. Келесі оқу жылында қосымша 20 000 білім гранты бөлінеді. Студенттердің өмір сүру жағдайлары жақсарады. Жатақхана тапшылығы бар жоғары оқу орындарындағы аталған өзекті мәселе оң шешімін табады. Айта кету керек, білім ордамызда мұндай мәселе жоқ, алайда біз жатақханаларды, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және кампус аймағын көріктендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарамыз. Біздің белсенді іске асырылатын көптеген жоспарларымыз бар, менің ойымша, бұл кездесу жоспарланған істерді жүзеге асыруға ерекше серпін береді».

Кездесу еркін жағдайда өтті, депутаттар аудиторияның сұрақтарына жауап беріп, өздерінің кәсіби пікірлерімен және тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуден кейін университет қонақтары үшін Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ оқу және ғылыми инфрақұрылым нысандары бойынша экскурсия ұйымдастырылды.










Top