Apr 13

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының «Құқық» мамандықтары тобы бойынша студенттер арасында Конституцияның құндылықтарын түсіну мәселелері және конституциялық құқықтың қазіргі заманғы проблемалары бойынша эссе жазудан конкурс.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының «Құқық» мамандықтары тобы бойынша студенттері арасында Конституцияның құндылықтарын түсіну мәселелері және конституциялық құқықтың қазіргі заманғы проблемалары бойынша эссе жазудан конкурс

ЕРЕЖЕСІ

 

  1. Жалпы ережелер

 

  • Осы Ереже конкурс өткізу тәртібін және эссені іріктеу өлшемдерін айқындайды.
  • Конституцияның құндылықтарын түсіну мәселелері және конституциялық құқықтың қазіргі заманғы проблемалары бойынша эссе жазудан конкурс «Құқық» мамандықтары тобы бойынша (юриспруденция, халықаралық құқық, құқық қорғау қызметі) жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткізіледі.
  • Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, «Zakon.kz» желілік басылымы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «ҚазГЮУ» Университеті конкурсты тең ұйымдастырушылар болып табылады.
  • Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесімен келісім бойынша конкурстың алғашқы (өңірлік) турын өткізу үшін базалық жоғары оқу орындарын айқындайды.

 

  1. Конкурстың мақсаты және міндеттері

 

  • Конкурс кәсіби заңгерлерді дайындау деңгейін, олардың конституциялық-құқықтық ойлауы мен мәдениетін арттыруды мақсат етеді.
  • Конкурстың міндеттері:

қоғамның және мемлекеттің Негізгі заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына, онда қаланған қазыналарға, қағидаттар мен нормаларға құрметпен қарауды қалыптастыру;

Конституцияның әрекет ету тетігін ғылыми зерттеуді өзектендіру, оның әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыру;

Конституцияның заңды қасиеттерін қамтамасыз етудің жолдары мен құралдарын іздестіру.

 

  1. Конкурс өткізудің тәртібі және шарттары

 

  • Конкурстың тақырыбы: «Қазақстан Республикасы Конституциясының құндылықтары және конституциялық құқықтың қазіргі заманғы проблемалары».

Эссе жазуға арналған тақырыпшалар:

  • «Конституция әрекет етуінің тиімділігі және оны арттыру жолдары»;
  • «Республиканың Президенті – Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының кепілі»;
  • «Қазақстан Республикасының Конституциясы және халықаралық құқық: жалпы жұрт таныған қазынаны сіңіру және ұлттық мүддені қорғау»;
  • «Қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық – конституциялық құндылықтың мазмұны және оны қамтамасыз ету құралдары»;
  • «Қазақстандық патриотизм – конституциялық құндылықтың мазмұны және оны қамтамасыз ету құралдары».

3.2. Конкурсты өткізу кезеңдері:

2018 жылғы 13 сәуірден 25 мамырға дейін – базалық (өңірлік) жоғары оқу орындарының бірінші турын жариялауы және конкурстық жұмыстарды (эсселерді) қабылдауы;

2018 жылғы 25 мамырдан 15 маусымға дейін – эсселерді рецензиялау, конкурстың бірінші (өңірлік) турын қорытындылау, жеңімпаздарды марапаттау;

2018 жылғы 15 маусымнан 29 маусымға дейін – өңірлік комиссиялар ұсынған эссе жеңімпаздары негізінде және аталған тақырыпшалар бойынша бірінші турда бірінші, екінші және үшінші орындар беру нәтижелері бойынша республикалық комиссияның республикалық турды қорытындылауы және жеңімпаздарды айқындауы;

2018 жылғы 29-30 тамызда –  республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау.

3.3. Жұмыстар (эссе) қағаз немесе электрондық түрде өңірлік жоғары оқу орындарының электрондық және пошталық мекенжайына ұсынылады.

3.4 Белгіленген мерзімнен кешіктіріліп алынған, конкурстың тақырыбына сәйкес келмейтін, сондай-ақ «Антиплагиат» жүйесінде авторлыққа сараптамадан өткізілмеген эсселердің конкурсқа қатысуына жол берілмейді.

3.5. Эссе  авторына қайтарылмайды.

3.6. Әрбір қатысушыдан бір ғана эссе қабылданады.

 

  1. Эссенің мазмұнына және ресімделуіне қойылатын талаптар

 

  • Эссе осы Ереженің 3.1-тармағында көрсетілген конкурстың бес тақырыпшасының біріне сәйкес келетін өзекті проблеманы ашуға тиіс.
  • Конкурсқа қазақ немесе орыс тіліндегі мәтіні бес толық парақтан аспайтын көлемдегі жұмыстар қабылданады (1500 сөзден аспайтын). Топ болып жазылған жұмыстар конкурсқа қабылданбайды.
  • Мәтін Microsoft Word редакторында терілуі тиіс, қарпі – Times New Roman, кегль – 14, жол аралық интервал – 1, түзетілуі  – енінен, шет-шетінен –   2 см. Әдебиетке сілтемелер тұтас нөмірленіп, мәтіннің соңында төрт бұрышты жақшамен ресімделеді.
  • Эссенің басты парағын ресімдеуге қойылатын талаптар:
  • жоғары оқу орнының толық атауы;
  • тақырып және тақырыпша;
  • автор туралы деректер: аты-жөні, ЖОО (мамандығы), курсы, байланыс (ұялы) телефоны нөмірі, электрондық почтасы, почталық мекен-жайы;
  • консультациялық немесе әдістемелік көмек көрсеткен жетекшісі туралы мәліметтер (егер ондай болса).
    • Ұсынылған жұмыстардың (эсселердің) барлығы авторлығын тексеру үшін «Антиплагиат» жүйесінде тексеруден өткізіледі.

 

  1. Конкурстық комиссия құрамы және жұмыс тәртібі

 

  • Эссе жазудан конкурс жеңімпаздарын айқындауды құрамында өңірлік және республикалық бөлімшелері бар конкурстық комиссия жүзеге асырады.
  • Әрбір эссені конкурстық комиссия мүшелері 10 балдық шкала бойынша бағалайды. Конкурстық комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.
  • Эссені рецензиялау кезінде конкурстық комиссияның мүшесі оның деңгейін мына өлшемдерге сүйене отырып бағалайды:
  • конкурс тақырыбының ашылуы;
  • автордың нақты және негізделген ұстанымы;
  • авторлық тұжырымдардың бірегейлігі және өзеріктілігі;
  • баяндалудың тұтастығы және қисындылығы.
    • Өңірлік турдың нәтижелерін кәсібилік, сапа және ағат емес түсінік кепілдіктерін қамтамасыз ететін өңірлік комиссиялар айқындайды.

Барлық эссе рецензиялауға бергенге дейін кодталады және рецензент баға қойған соң ғана алқалы түрде ашылады.

  • Республикалық турдың нәтижелерін сапа, ағат емес түсінік және әділдік кепілдіктерін қамтамасыз ететін республикалық комиссия айқындайды.

 

  1. Конкурсты қорытындылау

 

  • Өңірлік және республикалық конкурстық комиссиялар конкурс жеңімпаздарын айқындайды және әрбір тақырыпша бойынша бірінші, екінші және үшінші орындар береді. Конкурстың қорытындысы хаттамамен ресімделеді және тиісті өңірлік ЖОО және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-ресурстарына орналастырылады.
  • Конкурс жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады, олардың эсселері тиісті өңірлік ЖОО және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының интернет-ресурстарына орналастырылуы мүмкін.

Конкурсқа қатысушылардың барлығына (қабылданбаған эсселерді есептемегенде) қатысқаны туралы сертификат табыс етіледі.

Top