Apr 16

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде 5В011400 – Тарих мамандығы бойынша X пәндік Олимпиада өтті

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде 5В011400 – Тарих мамандығы бойынша X пәндік Олимпиада өтті

 

Қазақстанды әлемге таныту үшін білім және ғылым жүйесі бәсекеге қабілетті жоғары деңгейде болуы шарт. Ол үшін студенттерге берілетін білімнің сапасын, ғылымға деген қызығушылықтары мен талаптарын үнемі әр түрлі іс-шаралар арқылы үздіксіз дамыту бүгінгі күннің талабы. Солардың ішінде студенттер арасында өткізілетін пәндік олимпиаданың алар орны ерекше. Осы бағытта академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультеті ҚР БҒМ-нің ЖОО-да студенттік пәндік Олимпиадаларын өткізу туралы кестеге сәйкес 2018 жылдың 5-6 сәуір аралығында 5В011400 – тарих мамандығы бойынша республикалық олимпиада өткізді.

Бұл олимпиаданың мақсаты: студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашу, дарынды және талантты студенттерді таңдау әрі оларға қолдау көрсету, студенттердің интеллектуалдық потенциалын қалыптастыруға жағдай жасау, студенттер мен жас ғалымдарды заманауи мәселелерді шешуге қатыстыру, мамандық бойынша ғылыммен айналысуға қызығушылығын арттыру.

Олимпиаданың жұмысына «Тұлғатану» ғылыми – зерттеу Орталығының директоры, т.ғ.к., доцент Н.А. Бейсенбекова төрағалық жасады.

Олимпиаданың әділ қазылар мүшелері:

т.ғ.к., доцент Шотбакова Лаззат Касымовна;

т.ғ.к., доцент Зуева Людмила Ивановна;

т.ғ.к., доцент Джумабеков Джамбыл Азмуханович;

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім басшысы Алдабаев Нурболат Жаксыбаевич болды

Олимпиаданың жұмыс тілдері қазақ және орыс тілдері болды. Олимпиадаға республиканың 16 жоғары оқу орындары студенттері қатысты. Олар: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, І.Жансүгіров ат. Жетісу мемлекеттік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, «Сырдария» университеті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, А.Мырзахметова атындағы Көкшетау университеті студенттері. Әр топ төрт мүшеден таңдалған ІІ-ІV курс студенттерінен тұрды.

Олимпиада 5-кезеңнен тұратын жарыс түрінде өтті: Бірінші жарыс түрі «Сәлемдесу», топты таныстыру түрінде болды. 2-ші тур ЖОО типтік бағдарламасы бойынша міндетті пәндерден таңдалып құрастырылған тестілеу, 3 кезеңде «Ұлы дала тарихы: тұлға, қоғам, дәстүр» тақырыбындағы жоба бойынша презентациялық үй тапсырмасын қорғау түрінде өтті.

4-ші тур «Зияткерлік» кезең деп аталды. Бұл кезеңнің өту тәртібі Олимпиаданың алғашқы күнінде таныстырылды. Ол әр-түрлі викторина, тапсырмалар мен блиц-ойындардан тұратын сайыстардан тұрды.

5-ші тур «Капитандар сайысы» деп аталатын жарыс ораторлық қабілет пен көпшілік алдында сөйлеу өнерін айқындауға бағытталды.

Бұл аталған сайыстар, қандай да болса студенттік олимпиада ізденушілерінің терең білімін, логикалық креативті ойлау қабілетін, тіл байлығының көркемдігін талап етеді. Республика бойынша озық студенттер жиналған сайыста үздікті анықтау оңайға соқпады. Олимпиадаға қатысушы командалар ерекше тарихи тақырыптарды таңдаған. Әр команда ғылыми жобаларын жоғары деңгейде және үлкен дайындықпен келгендерін дәлелдеп шықты. Үздік жоба ретінде Павлодар Университетінің «Жас тұлпар» тобы танылды. «Баянның бәйтерегі Шорман ұрпақтары» атты тақырып бойынша туған жерге қызмет қылу, өлкені дамытудағы қазақ байы Мұса Шормановтың қайраткерлігі өте оңды және озық шықты. Күрделі әрі тың тақырыпта көзге түскен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Скиф» тобы. «Көшпелілердің қамал алу және қабырға бұзу техникалары» тақырыбы арқылы қамал алу әдістерін, әскери технологияларды көрнекі құралдармен ойларын жеткізді. Қамал бұзғыш артиллерияның үлгілерін кұрастырып, реконструкциясын көрсетті. Технологияда болашағы бар ерекше тақырыптағы жоба ретінде екі команда көзге түсті. Алғашқысы Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Ахмет ұрпақтары». «Ұлы дала тарихы» деп аталған алғаш рет Android ОЖ арқылы Қазақстан тарихын насихаттайтын ақпараттық-анықтамалық қосымша жасалғаны жайлы баяндап берді. Келесі топ Көкшетау университетінен келген «Киіз басу технологиясын дамыту» мәселесін көтерді. Олар киізді тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетіп, оны күнделікті тұрмыста қолданудың арзан, әрі пайдасын баса айтты. Көкшетау командасы шығармашылық ізденістерін болашақта жалғасын табатынын да сендіре білді.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті командасы «Тамұқтан тірі қайтқандар» атты тақырыпты таңдап алыпты. Онда «Шымкент өңірлік мемлекеттік архиві» мекемесі қызметкерлерінің үлкен еңбегі мен тиянақты жұмысы нәтижесінде жинақталған соғыс тұтқындары жайлы мәліметтерді тың деректермен көрермендерге жайып салды. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында неміс-фашистерінің тұтқынына түсіп, нацистік концентрациялық лагерлерде адам айтқысыз ауыр азаптарды бастан кешірген Қызыл армияның Оңтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған жауынгерлерінің басынан кешкендері, одан кейінгі өмір жолдары туралы баяндалып, презентация көрсетілді. Бұл тақырып кімді болмаса да көңілін тебірентіп, терең ойға батырды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Яксарт» командасы «Ұлы дала астаналары» атты үй тапсырмасында, сонау орта ғасырдан бүгінге дейінгі қазақ халқының астаналары ролін атқарған қалалар тарихына тоқталып, тағылымы мол мәліметтер берді. Ал Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық Педагогикалық Институтының «Торғай ұландары» тобы «Ұлы дала өркениеті: торғай өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері – рухани жаңғырудың ұлы мұрасы» ретінде қарастырды. Жалпы барлық көрсетілген тақырыптар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттап, өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға басымдық берді. Осыған байланысты болашақты терең түсінген әр облыстың жоғары оқу орындарынан жиналған студент жастар туған өлкеміздің бай мұрасын бірлесе зерттеуге шақырды.

Әділқазылардың шешімімен Олимпиаданың қорытындысы бойынша студенттердің арасында жеке көрсеткіштері үшін жеңімпаз атанғандар:

Рахым Асылхан Нұрланұлы 1 орын (Павлодар МПУ)

Ауылбай Нұржан 2 орын (І. Жансүгіров атындағы Жетісу МУ)

Жақыпбек Жахангир 2 орын (Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті)

Богданова А.В. 3 орын (А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті)

Айту Бексұлтан 3 орын (Қостанай МПУ)

Алданазарова З.К. 3 орын  (Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық МПИ)

Сонымен бірге жалпы көрсеткіштер бойынша жеңімпаздар, командалық топтық жарыста жүлделі орындар анықталды. Олар да арнаулы дипломдармен марапатталды. Атап айтсақ: Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, Абай атындағы ҚазҰП университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті командалары болды.

Бұл командалардың мүшелері, командалардың ғылыми жетекшілері, сонымен бірге аталған университеттің басшыларына арнаулы сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Марапаттау рәсімінен кейін Олимпиада қатысушылары мен қонақтарға арналған Университет мұражайларына, Долинкадағы «Қарлаг» мұражайына және қала бойынша саяхаттар ұйымдастырылды. Олимпиада және экскурсия барысында қатысушы студенттер өздерінің ойындағы және қызықтырып жүрген сұрақтарына жауаптар алды. Сонымен қатар келген қонақтар Олимпиада кезіндегі көңіл – күйлерін ерекше бір толқумен баяндап, өз ойларымен бөлісті, ал «ҚАРЛАГ» мұражайы онда барғандардың бойында ерекше әсер қалдырды.





Top