May 03

Білікті маман –заман талабы

Олимпиада – студенттердің зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін анықтайтын  және ғылыми –зерттеу  қызметі мүддесіне ынталандыратын, сонымен қатар студенттер арасында  білімділерді насихаттайтын  білімділер мен дарындыларға арналған іс-шаралардың бірі. Осындай мақсаттарды көздейтін  олимпиадалардың  болашақ  мамандар үшін маңызы ерекше.

Сәуір айының  27 күні  академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік  университеті, филология  факультетінің  қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының  ұйымдастыруымен  жоғары оқу орындары өзге ұлт өкілдері студенттерінің арасында «Қазақ тілі» пәні бойынша   тұңғыш республикалық пәндік олимпиада өткізілді. Олимпиадада  Қазақстанның 14 жоғары оқу орнынан  келген « жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»   сайыскерлер сынға түсті.Атап айтсақ,Л. Н. Гумилев  атындағы Еуразия ұлтттық университеті, Ы. Алтынсарин атындағы  Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты,Ш Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университеті, М. Қозыбаев атындағы  Солтүстік Қазақстан  мемлекеттік университеті, Астана қаласы «Қаржы академиясы» және т.б.  оқу орындарынан  үміткерлер қатысты.

І кезеңде  сайыскерлер лексикалық-грамматикалық тест тапсырып, тыңдалым, оқылым, сөйлесім бойынша бақтарын сынап, эссе жазды.

ІІ кезеңде айтылым-тілдесім бойынша  студенттер   өздеріне берілген тақырып бойынша  бір-біріне  сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті.  Сайыс барысында  өзге ұлт өкілдері студенттерінің  сөз саптауы, өз ойларын толық  та айқын жеткізе білуіне көп көңіл бөлінді. Оқытушыларға кафедра оқытушысы А. Ш. Смаилова   екі шетел мамандығы,  ҚХР  Шихэцзы  университетінің  студенттерімен ашық сабақ өткізді. Сондай-ақ, тілді  аз уақытта  меңгерудің озық әдістері сөз болып, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік  тілді  тиімді оқытудың әдіс-тәсілдері көрсетілді.  Олимпиада қатысушыларына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Олимпиаданы қорытындылау үшін сөз әділқазы мүшесі Қарағанды облысының  жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы С.Т.Жүнісовке сөз берілді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., профессор Б. М.  Айтбаева жеңіске жеткен студенттерді марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. І орынды иеленген Л. Н. Гумилев  атындағы  Еуразия ұлттық университетіне кубок тапсырылып, әрі қарай жалғасын табатынына сенім білдірді.

«Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» демекші, кафедрада табандылық пен ұйымшылдық жеңістің негізіне айналды.

Ел болашағының кілті ізденімпаз, білмді ұрпақтың қолында. Білім саласындағы  жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген    білімді де  жігерлі студенттер  кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, ұлағатты ұстаздарының сенімін ақтап, биік белестерді бағындыра берсін!

Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының

аға оқытушысы, п.ғ.м.  З.З.Ордабаева





Top