Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы
КІРІСПЕ

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақ­сат-міндеттері, басымдықтары мен оған жет­кізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыс­тары­мыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.

Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім.

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап өтер едім.

1. Бәсекелік қабілет

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады.

Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында.

Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

2. Прагматизм

Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес.

Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.

Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.

Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.

Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идео­логиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.

Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.

Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

3. Ұлттық бірегейлікті сақтау

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.

Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгіле­рі­нің қандай қатері болуы мүмкін?

Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгі­сін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ре­тінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.

Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды.

Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап баға­ланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отыр­ғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

4. Білімнің салтанат құруы

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.

Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маң­дайалды университеттерінде оқытып, дайын­дадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдар­ламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгей­дегі бірқатар университеттер ашылды, зият­керлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.

Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ор­тақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себеп­­тері бар. Технологиялық революцияның беталы­­сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт­та қазір­гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.

Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.

Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.

Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлі­нетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санаты­на қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр ау­ма­ғын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкі­ніс­терге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлт­­­тар­ға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгерт­ті.

Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.

Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да еш­кім­нің қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері эко­ло­гиялық апат аймақтарына айналды.

Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.

ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.

Индустрияландыруды, әлеуметтік және өнді­рістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа ин­теллигенцияның қалыптасуын осыған жат­қызуға болады.

Бұл кезеңде елімізде белгілі бір  жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаң­ғы­руы еді.

Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақи­қатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өр­кен­деуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.

Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.

Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.

Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп,  болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.

Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, эко­номикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.

Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйе­сінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұ­мысының бір бөлігі.

6. Сананың ашықтығы

Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпей­тіндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?

Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жа­һандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің бас­ты шарты.

Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Са­наның ашықтығы зерденің үш ерекшелігін біл­діреді.

Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қы­тай­дың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – та­быстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіш­терінің бірі.

Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шық­пай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.

ІІ.  ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.

Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.

Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.

Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.

VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды.

Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.

V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.

Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.

Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.

Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.

Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқын­далып келді.

Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.

Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қар­піне көшуді бастаймыз деген сөз.

Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз.

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұрады.

Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.

Оның мәні мынада:

1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.

2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.

3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.

Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?

Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.

Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.

Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қо­ғам­да ор­нықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім орда­ларының аудиторияларында қаланады.

Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.

Бұл – мемлекеттің міндеті.

Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек.

Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.

Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.

Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді  айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.

Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс.

Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.

Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар.

Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.

Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағ­дар­ламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.

Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.

Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.

Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.

Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.

Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.

Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды.

Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.

Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық бел­деу­дің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқы­мыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түр­­кістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр­лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн­дылықтар.

Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың енші­сінде.

Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.

Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Бұл жоба нені көздейді?

Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.

Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.

Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.

Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.

Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қол­дау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министр­ліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.

Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.

Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкіл­дері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анық­тап алуымыз керек.

Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін ірік­теп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдерін өткіземіз.

2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды ай­қындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тың­ғылықты жүзеге асырамыз.

Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құр­лық­тарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.

Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.

Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.

Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.

Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.

Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шы­найы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқи­ғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құрал­дарының басты нысанасына айналуға тиіс.

Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал ету­­дің жаңа мультимедиалық алаңын қалып­тас­тыру.

3. «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.

ҚОРЫТЫНДЫ

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек.

Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жал­ғаса беретін процесс.

Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарих­тың шаңына көміліп қала береді.

Қарағанды мемлекеттік университеті ректоры акт дәрісінің тезистері

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы идеяларды жүзеге асыру бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ректоры профессор Е.Қ. Көбеевтің акт дәрісінің тезистері

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында қазақстандықтардың алдында тұрған маңызы зор міндеттерді анықтап берді. Бүгінгі жастар арасында саламатты өмір салты мен білімді болу үлгіге айналды. Олардың жаңа кәсіпті игеріп, цифрлық технологиялар мен ағылшын тілін меңгеруіне бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Әлемдік экономикалық, ғылыми, ақпараттық кеңістікке енуіміздің алғышарты – әліпбиіміздің латын қарпіне ауысуы. Біз әрқашан Мемлекет басшысы бастаған жобаны қолдаймыз.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыу» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуының ең маңызды мәселелері бойынша тұжырымдамалық көзқарасын баяндайды. Елбасы бір ұлт адамдарындай күшті әрі жауапты адамдарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеяларды тұжырымдайды.

Бүгінде жаһандық әлем ұлттардың бәсекеге қабілеттілігіне өз талаптарын қоюда. Өмір көші шапшаң қарқынмен өзгеруде, егер біз табысты болғымыз келсе, онда ХХІ ғасырға лайықты қасиеттер жиынтығына ие болуға тиіспіз. Ұлттық мәдени мұраны сақтай отырып Президентпен ұсынылған дәстүрлі негіздердің прагматикалық өзгерістері қазіргі заманғы қазақстандық қоғам үшін болашағы зор жол екендігі сөзсіз. Бұл — қоғамдық сананы дамытудың негізгі екі басымдығы.

Мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлттық біртектілікті қалыптастыруға  ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен,  «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сынды маңызды мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, айтулы жобаларға біздің жоғары оқу орнының ғалымдары да атсалысты. Елбасы ұсынған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» сынды тың бағдарламалар халқымыздың дүниетанымдық қағидаттарының тамыры терең тарихи және мәдени мағынасын ашуға үндейді.

Осыған байланысты өткен  тарихқа, ұлттық өзін-өзі билеуге объективті көзқарас қалыптастыруға, Қазақстан халқының рухани бірлігінің құралы болуға қабілетті гуманитарлық білімнің рөлі айтарлықтай артады. Бұл аспектілер қазір тікелей ҚарМУ-дың гуманитарлық факультеттері ғалымдарының ғылыми және педагогикалық басымдықтарын сөзсіз анықтауы керек.

Қазіргі заманғы мемлекеттің прогрессивті даму қағидаттарына сәйкес келмейтін дағдыларды өзгерту, стереотиптерден бас тарту маңызды болып табылады. Мемлекет басшысының пікірінше, осы қайта түрленулердің негізі салауатты әлеуметтік прагматизм болуы керек.

Дәстүрге деген мұндай диалектикалық тәсілдеме мемлекет пен қоғамның жасампаз эволюциялық даму факторы ретінде  ұлттық мәдениеттің рөлін сақтауға және нығайтуға бағытталған.

Бүгінде, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды үрдістері орын алған тұста, ұлттың маңызды стратегиялық ресурсы ретінде білімнің маңыздылығы бірнеше рет артады.

Мемлекет басшысымен жарияланған «жалпыға бірдей білім беру культі», әрине, қоғамға осы білімді тарату технологияларын жетілдіруші жаңа білім өндіруші орталық ретінде университеттің құндылығын арттырады.

Президент жас адам үшін білім «болашақта табысқа жетуге бастайтын ең іргелі фактор» болуы тиіс екеніне баса назар аударады. Қазіргі таңда білім беру жастардың құнды басымдықтарын қалыптастыруға,  динамикалық әлемге жастарды бағыттауға, олардың кәсіби және ақпараттық ұтқырлығын қамтамасыз етуге үндейді. Өмірде лайықты мақсаттар қойып, соған жетуге қабілетті әрі жаңа жағдайларға икемді және тиімді әрекет ететін жеке тұлғаны дамыту білім берудің негізгі міндеті болып табылады.

Президент айқындаған бәсекелестіктің негізгі алғышарттары —  компьютерлік сауаттылық,  шет тілдерді меңгеру, мәдени ашықтық. Қазір олардың дамуы «Цифрлық Қазақстан» жобасын, үштілділік тұжырымдамасын, мәдени және конфессионалдық келісім бағдарламасын  жүзеге асыру арқылы мемлекеттік деңгейде біртіндеп жалғастырылып келеді.

Өздеріңіз білетіндей, біздің ұжым әрдайым Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруға белсенді қатысады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын  жүзеге асырудағы тұжырымдамалық тәсілдемелер мынадай қағидаттар негізіне негізделген: зерттеулердің интегративтілігі; бірізділік, тарих пен мәдениетті зерделеп, насихаттауда инновациялық тәсілдерді қолдану; әлеуметтік және мәдени тәжірибені берудегі сабақтастық; дәстүрлі мәдени феномендерді  бағалаудағы және іріктеудегі прагматизм.

Білім ордамызда Мемлекет басшысы ұсынған қоғамдық жаңғыртудың барлық басым бағыттары бойынша іс-шараларды қамтитын 2017 жылға жоспар әзірленді. Ұсынылатын шаралардың ішінде мәдени құндылықтарымыз бен жетістіктеріміз мақала, кітап жазу, көрмелер ұйымдастыру, бағдарламалар жасау арқылы насихатталатын жұмыстар маңызды орын алады.

Университетте Президент белгілеген бағыттар бойынша тиімді жұмыс жасайтын ғылыми қор бар. ҚарМУ археологтарымен табылған жәдігерлер Орталық Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұраларын еске түсіруге көмектеседі. Біздің ғалымдарымыздың зерттеу нысандары Еуразияның ежелгі өркениеттер жүйесіндегі Сарыарқа мәдениетінің артефактілері болып табылады. Университетте әдеби өлкетану бойынша түрлі игі шаралар қолға алынған, соның аясында «Жидебай Қожаназарұлы. Ер есімі ел есінде», «Бұқар жырау» жинақтары жарыққа шықты. Экономика факультетінің ғалымдары туризм саласын ұзақ мерзімді дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы брендін қалыптастыру бойынша жұмыстарға күш жұмылдырған. Биология-география факультетінің оқытушылары Орталық Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау және оқыту бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруда.

Электрондық ресурстарға қолжетімділікті кеңейту және көптеген құнды кітап дереккөздерін цифрлық нысанға көшіру арқылы цифрлық университетті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз белсенді түрде үш тілде білім беру және 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді әдістемелік қамтамасыз етуді құруға атсалысамыз Сонымен қатар тілдік білім беру саласындағы үлкен тәжірибеге ие бола отырып,  біз бүгін латын әліпбиіне қазақ тілінің кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз етуге күш жұмылдырамыз. Бұл бағыт бойынша шетел тілдер, филология, тарих, математика және ақпараттық технологиялар факультеттері оқытушыларының белсенді қатысуымен бірқатар іс-шаралар анықталды. Университетте білім беру үрдісі маңызды болғандықтан, біз бәсекеге қабілеттілікті дамытуға және сананың ашықтығын, студент жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыруға бағытталған арнайы курстар әзірлеп, енгізуді жоспарлап отырмыз. Мен университетте әзірленген бірнеше бағыттар бойынша мысалдар келтірдім, әр факультеттің өз зерттеулерін жүргізетін ғылыми ошағы бар. Жоспарда факультеттердің ерекшеліктеріне қарай Президенттің бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бойынша нақтылы іс-шаралар анықталған.

Жоспардағы іс-шаралардың негізгі жиынтығы негізінен студент жастардың тәрбиесімен байланысты. Бұл үдеріске барлық оқытушылар құрамы және жастар бірлестіктері, клубтар, спорт секциялары, шығармашылық студиялар мен ұжымдар тартылған.

Ғалымдармен, монографиялар мен оқулықтардың авторларымен, факультет декандарымен, бөлім басшыларымен кездестім. Факультеттерде қазірдің өзінде Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға бағытталған зерттеу топтарын құру және жобаларды әзірлеу  бойынша жұмыстар басталып кетті. Атқарылған жұмыстардың есебі ай сайын тыңдалады.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы барлық жоспарланған іс-шараларды орындайды деп сенемін. Біздің ойымызша, бұл қоғамның гуманитарлық саласын нығайтуға, әлемдегі ғаламдық білімде бәсекелесуге қабілетті қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеуге  мүмкіндік береді. Бұл біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласындағы қойылған міндеттерді шешуге қосқан үлесіміз болмақ.

Атаның сөзі – аманат

Атаның сөзі – аманат 

         Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп атап көрсетті. Олай болса, ел бірлігі мен тірлігінің тұтастығына шама-шарқынша ат салысқан қайраткерлердің кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған мұраларын жарыққа шығару маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында ұлт тәуелсіздігіне айрықша мән берген тұлғалардың бірі – Ахметжан болыс. Көне көз, кәрі құлақты қариялардан «Ахметжан туралы не айта аласыз?» деп сұрағанда: «Би Ахметжан ба?», «Болыс Ахметжан ба?», «Ахметжан шешен бе?» деп нақтылай бастайды. Адамның ел алдындағы беделін, құрметін айқындайтын осы сөздердің барлығы бір ғана тұлғаға – Талпақтың Ахметжанына бағытталып тұр. Өзге мәселелерге соңыра тоқталармыз, бірақ, дәл осы жерде бір орынды сұрақтың оқырман ойына оралары сөзсіз. Ол: «Талпақтың Ахметжаны 1866 жылы туған деген дерек қалай және қайдан алынған?» деген мәселе. Тағы да ел ауызында сақталып жеткен бір әңгімеге назар аударуға тура келеді.

Қазақ халқының танымалы қайраткерлерінің бірі, ел бірлігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жүргізген Ақбайдың Жақыбы, қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңдерде да қуғын-сүргін көрді.

Қызы Аргуния әкесі туралы естелігінде былай дейді: «Әкем 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатына келіп оқуға кіреді. 1889 жылы Омбы қаласындағы гимназияда оқып, оны бітірді. Содан кейін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы осы факультетті алтын медальмен тамамдап, оқудағы алғырлығы мен ерекше қабылеті үшін университет советі оған заң магистры деген ғылыми атақ береді». Сонымен, екі жылдай ғана еркіндік көрген, нақтырақ айтқанда, шаңырақ көтеруге ғана үлгерген Жақып Ақбаев 1905 жылдан бастап, отыз жылға жуық уақыт бойына қуғын-сүргінге түседі. Бар кінасы – әділдіктің жаршысы болғаны. «1931 жылы Мұратты да алып кетті. Одан көп уақыт өтпей шешемді де қамап қойды. Төрт бала, үлкені мен, үйде жалғыз қалдық. Бірнеше күн бір бұрышқа тығылып жылап отырғанымыз есімде. Туысқандарымыз да жоқ емес. Бірақ, есік ашпайды, өйткені, «халық жауының» балаларына қамқорлық жасады деген аттан қорқады. Осы бір кез менің денсаулығыма үлкен зиян келтірді. Бірер айдың шамасында шешем де, Мұрат та босанып шықты. Сол кезде, түрмеде отырған әкемнен «Қазақстаннан басқа жаққа көшіңдер» деген хабар келді. Сөйтіп, біз жазда Қарақалпақстанның Төрткөл деген қаласына көштік» дейді Аргуния. Міне, осындай елім деп еңіреген азаматтың жақын досы, тығыз қарым-қатынаста болған Ахметжан да, халықтың қамқоршысы болған адам еді. Ел ішіндегі әңгімеде екі қайраткердің достығының себебін құрдастығына саяды. Ақиқатында, тарихи құжаттар бойынша Ақбайдың Жақыбы да 1866 жылы туған. Бірақ, біздің пайымдауымызша ынтымақтастық олардың құрдастығында ғана емес, мақсат пен мүдденің бірлігінде. Қос тұлға да халықтың қамын ойлаған азаматтар болғандығында.

Көне көз қариялардың айтуынша төңкерістен кейінгі келесі жылы, осы негізге сүйене отырып айтқан біздің пікіріміз бойынша 1918 жылы ақтардың елу солдаты Жуанқоңыр деген таудың бауырында жолаушы келе жатқан үш салт аттыны қолға түсіреді. Үшеудің бірінің Ақбайдың Жақыбы екенін біліп қойған әскербасы оны ұстап қалады да, екеуін қоя береді. Бірақ аттары болдырған ақтар екі күн тынығу үшін сол жерде аялдап қалады. Ал, босаған екеуі бірден Талпақтың Ахметжанына келеді.

– Аға, біз ақтарға кездесіп қалдық. Жақып ағаны ұстап қалды да, бізді босатты. Оны атаманға апарамыз, жауапқа тартады дейді, не істейміз? – деп налиды. Ахметжан болса жүз құр атты алдына салғызып, бір ту биені жетекке алғызып, бірнеше жігітпен ақтарға келеді. Келген бетінде биені сойғызып, астырып, оларды тамақтандырып, жүз атты сыйға тартады. Әбден риза болған әскербасы:

– Мына құрметіңе мен разымын, қандай қалауың бар? – дегенде Ахметжан:

– Бойына талап қонған иісі қазағыма қанат болған, Арқаның бір асылын абақтыға жаптырмақ ойың бар екен. Раыңнан қайт, шешіміңді айт, келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер. Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті, судың да сұрауы бар деген, ойланыңдар! – деп нығыздай айтады. Әскербасы келісіп, Ақбайдың Жақыбын босатады. Ауылға келіп, тай сойдырып, ет астарып, Ахметжанның үйіне «Сәлем береміз» деп, «Әңгіме тыңдаймыз» деп ел жинасады. Ет піскенше біраз әңгіме де айтылады. әңгіме айтып отырып Жақып мырза әрегідік басын шайқап-шайқап қояды екен. Байқап отырған бір адам сұрақ қойыпты:

– Бағанадан бірі көріп отырмын, сіз әңгіме айтқанда басыңызды неге шайқай бердіңіз?

Сонда Ақбайдың Жақыбы:

– Бүгін Ахаң үлкен іс қылды, сөзі өтіп, тілі жетіп, мені құтқарды. Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай! Ахметжанды оқытпадың, ойына білім тоқытпадың, сондағы ісі мынадай! Егер оқыған болса, ойына білім тоқыған болса, дұшпанды табанына салып иілер еді, иісі қазақты билер еді, – депті. Мұны естіген Ахметжан:

– Иә, бүгін бір үлкен іс қылдым, хабар жетіп ақтардың әскеріне бардым, бастығына қолға салдым, сөзім өтіп, тілім жетіп, Жақаңды босатып алдым. Әй, Ақбай-ай! Әй, Ақбай-ай! Заманның ағымына ердің, Жақыпты орыстың оқуына бердің, оқысын деп еңбек еткіздің, не мұратқа жеткіздің? Иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды бірақ олардан да дұшпан көздер табылды, жала жабылды, қуғын көрді, сүргін көрді! Егер оқытпасаң, әрі барса иісі Арғын ғана білер еді, мен сияқты ел ішінде қуғын көрмей жүрер еді! – депті. Көп ішінде отырған Қосыбай баласы Алтынбек:

– Саудадан бөз қалады, шешеннен сөз қалады, бұл құрдастардың қалжыңы ғой, – деген екен.

Енді біз осы айтылған әңгімеге талдау жасап көрелік. Алдымен деректерге жүгінейік.

Тарихтағы үлкен тұлға Ақбайдың Жақыбын оқырманға таныстыру біздің ойымызша міндетті емес. Өйткені ол қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткер, танымалы азамат. Ал, «Алты Алаштың ардағы» деген айдармен Қайырбек Садуақасовтың жарыққа шығарған «Жақып Ақбаев» деген еңбегінде: «Есімі алты алашқа Мәшһүр болған Жақып мырза Ақбаев 1876 жылғы (1866 жыл болуы керек, баспада басылу барысында жаңсақ кеткен тәрізді М.А.) 7 қарашада кезіндегі Қарқаралы округы, Берікқара болысындағы Төңіректас, немесе қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданындағы «Еңбек» совхозы орналасқан аймақтағы Ақбай қыстағында дүниеге келген» деп жазады. Бұл мұрағат дерегі, тарихы шындық. Егер жаңағы ел ішінде айтылып жүрген әңгімені негіз етіп, Ахметжанды Ақбайдың Жақыбымен құрдас деп қарастырсақ, онда олда 1866 жылы туған болып шығады. Екіншіден, әңгіменің мазмұны өзгеріске ұшыраған, өңделген деуге негіз жоқ. Себебі ол бірнеше ғасырларды басынан өткерген, талай өнерпаздардың елегінен өткен «Қобыланды батырдың» жыры емес. Үшіншіден, әңгіменің өзегінде ақиқаттың жатқандығын тағы да Қ. Садуақасовтың еңбегінен аңғарамыз. Онда: «Қазан төңкерісінен кейін де Ж. Ақбаевтың жағдайы күрт өзгере қоймайды. 1918 жылы ақ қазақтардың ату жазасынан кездейсоқ аман қалған Жақаң Алашорданың белсенгері, ұлтшыл деген айыптан кеңес орындары да байып тапқызбайды» деп көрсеткен. Яғни, осы жолғы құтқарушы Талпақтың  Ахметжаны болуы әбден мүмкін.

Енді шешендік сөздерге назар салып көрелік. «Бойына талап қонған, иісі қазағыма қанат болған, Арқаның асылы». Бұл Ахметжанның Жақыпқа берген бағасы. Сыртқы сұлулығы ырғаққа сәйкес тербеліп тұр. Ал, ішкі мазмұны өте маңызды. «Талаптағы нұр жауар» дейді қазақ. Яғни, шешеннің «талап қонған» дегені, Жақаңа «нұр жауған азамат» дегенді мегзейді. Ал, «қазаққа қанат» болуы «ел жүгін арқалаған азамат» дегенде аңдатса, «Арқаның асылы» деуі «Жақсының аты қалады» демекші, есімі мен еңбегі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді дегенді сездіреді. Өйткені, «асыл» ешқашан тозбайды, солмайды.

Сондай-ақ, Ахметжанның өзі де осал адам емес. Бойына бес қаруын асынған ақтардың әскербасысына күш көрсете сөйлейді: «Райыңнан қайт, шешіміңді айт! Келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер!» яғни, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын деп отыр. Сонымен қатар ескерту де бар: «Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті!» Осының бәрін әскербасы түсінбей отырған жоқ, сезіп, біліп отыр. Көнбеске шара жоқ, өйткені, Ахаң мықты адам, еліне арқа сүйей айтып отыр.

Ал, Жақыптың «Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай!» деуі, немесе Ахметжанның «Әй, Ақбай-ай!, Әй-Ақбай-ай!» деуі, қазақи дәстүр тұрғысынан қарасақ «Құрдастың өзіне өкпе жүрсе де, сөзіне өкпе жүрмейді», замандас тұлғалардың әзілі. Бірақ, әзілдің аясында да ақиқат жатыр. Жақыптың Ахметжанды «Дұшпанды табанына салып илер еді, иісі қазақты билер еді» деп суреттеуі өті жоғары деңгейде бағалауы. Яғни, Жақаң Ахаң сондай деңгейге лайық болғаннан кейін айтып отыр. Сол тәрізді Ахаң да Жақаңды «иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды» деп оның Ресей төңірегіндегі елдердің барлығына танылған ұлт қайраткері ретінде баға береді. Яғни, бұл әңгіменің, мазмұнынан үш мәселені аңғарамыз. Алғашқысы шешендік өнердің тамаша үлгісі, екіншісі тарихи дерек, үшіншісі азаматтардың тарихтағы тұлғасы.

Талпақтың Ахметжаны туралы әңгімелерді, шешендік сөздерін Сағынбай, Бабажан, Ілияс тәрізді қариялардан естіген едік. Олардың арасында Ахаңды көзімен көргендер де бар. Мәселен, ол кісіні алғашқы көруін Әбдудің Ілиясы былайша әңгімелейді:

«1918 жылдың күзі болатын. Әкемнің қайтыс болғанына төрт жылдан асқан еді. Шешемнің айтуымен жас та болсам, малға қарап, ағайындармен бірлесіп бағымға жіберетінмін. Заман талабына орай мал басын азайтып, елуден астам жылқы он шақты сиыр, жүзге тарта қой қалдырған едік. Күздің бір айының ішінде үш рет барымталап жылқының жартысынан көбін алып кетті. Кімдер екенін біле алмай дал болдым. Жасы үлкен ағайындармен ақылдастым. Бір жанашыр:

– Әй, Ілияс, сен өзің біле де, таба да алмайсың. Осы өңірде жақсылығы жаннан асқан, қиналғандарға қол ұшын беретін, ел ішінің жағдайын толық білетін бір ғана адам бар. Ол – Талпақтың Ахметжаны. Саған бір көмектессе сол ғана көмек жасайды. Бірақ, ол кісі алдына барған адамды сынайды. Өтсең қуана бер, өтпесең бір дәм ішесің де қайтасың, реніш болмайды, – деді. Сонымен, немере ағам екеуіміз бармаққа бел буып, бірге аттандық.

Күн шыға аттанған біз түс ауа қажы атаның ауылына келіп, би ағаның көрші үйіне түстік. Жағдайымызды айтқаннан кейін, үй иесі би ағаға барып, қабылдайтынын айтып келді. Сәлден кейін сәлем беріп, табылдырықтан аттадым. Аққұба өңді, ат жақты, бойшаң адам екен. Үстінде оқаланған шапан, басында тақия. Сәлемімді алған бетте:

– Қай баласың? – деді.

– Әбдудің баласымын, атым Ілияс, – дедім.

– Е, Әбдуден бір жетім қалды деп естуші едім, маған келгендегі мақсатың не? – деді.

Алдында ауылдан шыққанда үлкендердің айтқанын әбден ұғып алған мен, ойлана отырып, сұрақтарға абайлай жауап бердім.

– Би аға, келген мақсатым сізге сәлем беру! – дедім.

– Мақсатыңа көңілім толды, тауып сөйледің, енді тілегіңді айт!

– Тілегім сол, сізден көмек сұрай келдім.

Би ағаның мақтағанына көңілім көтеріліп, еркін сөйлей бастадым.

– Көмегіңе қол ұшын берейін, шаруаңды айт!

– Менің жетімдігімді басынып, малымды ұрлап алды, соны таптыруға жәрдем етсеңіз!

– Ұры мықты болса жылқы ұрлайды, күпті болса сиыр ұрлайды, қартайғанда қой ұрлайды, жантайғанда астындағы көпшігін ұрлайды, не жоғалттың? – деді.

– Жылқы – деп жауап бердім.

– Жарайды, таптырамын, ертең кешке дейін еліңе жеткізеді, ал өзің әкең Әбдудің сыбағасын жеп қайт! – деді де, сырттан кіріп келген бір жігітке, – Мына Әбдудің ұлына бір жауыр атты жетегіне байлаңдар, – деп маған сынай қарады. Би ағаның көзқарасын түсінген мен, бірден жауап қаттым:

– Би ағаның қолынан алған жауыр ат, жай адамнан алған тұлпардан көш ілгері емес пе? – дедім.

– Бала болсаң да байыпты сөйлеуді үйреніп қылған екенсің, адамды семіртетін көңіл, ширататын өмір ғой, алдыңнан жарылқасын, – деп ризашылығын білдірді. Сол сәтте әлгі жігіт есікті ашып:

– Би аға, бізде жауыр ат жоқ екен, не істеймін? – деді. Би ағаң қынжыла жауап қатты.

– Осы күнгі жастар сөз астарын түсінбейтін болып барады. Нұрлан деген болыс таз адамды кемсіткенде Жұмыр деген шешен: «Болысеке! Ит жақсысы тазы болады, ет жақсысы қазы болады, жер жақсысы саз болады, мезгіл жақсысы жаз болады, құс жақсысы қаз болады, адам жақсысы таз болады» деген еді, менің «жауыр ат» дегенім әбден бапталған тәуір ат дегенім емес пе? Дұрысын беріңдер! – деді. Би аға мені бала деп олқысынбай барған шаруамды тындырып қайтарды».

Енді осы әңгіменің мазмұнына назар салып көрелік. Ұлттың болмыс-бітімін танытатын бір ерекше белгі – дәстүр яғни дәстүрін жоғалтқан ұлт – кемтар. Әңгімедегі айрықша назарға түсетін жәйіт көнеден келе жатқан керемет дәстүр – баланың қабылетін аңдау үшін, бағытын байқау үшін арнайы сыннан өткізу. Мұндай әңгімелерді ел ішінен көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Сырым батырды бала кезінде әкесі Бақай деген сыншыға жібереді. Сәлем бере келген балаға Бақай сыншы:

– Ей, Сырым, жоқтан бар болдың,

Айырдан нар болдың,

Қамқа тон тозды,

Атадан ұл озды,

Ападан қыз озды,

Боздан буырыл озды,

Сен осыған жауап берші? – дегенде Сырым:

 

– Ей, Бақай ата!

Жоқтан бар болсам құдайдың құдыреті шығар,

Айырдан нар болсам атам үлкен болған шығар.

Қамқа тон тозса, киюі салақ болған шығар.

Анадан қыз озса, шіркіндігі болар,

Атадан ұл озса, еркіндігі болар, – деп жауап береді.

Яғни, баланы сыннан өткізу тек бір ғана өңірге емес, жалпы иісі қазаққа тән дәстүр екен. Олай болса, Талпақтың Ахметжаны алдына келген жасты сынау арқылы қалыпты дәстүрдің дамуына, сабақтасуына өзінің үлесін қосып отыр.

Әңгімедегі екінші мәселе – шешендік. Және ол жай ғана шешендік емес, философиялық шешендік. Мәселен, бір ғана тіркесін алып көрелік. «Бала болсаң да байыпты сөйлеуді үйретіп қалған екенсің адамды семіртетін көңіл ширататын өмір». «Байыпты сөйлеу» деген тіркес қазақта көнеден бері қолданылып келеді. Оны көбінесе көпшілік «орнықты сөйлеу» мағынасымен үндестікте қабылдайды. Бұл дұрыс. Бірақ мағына мұнымен ғана шектелмейді. «Байыптының» түбірі «Бай» деп алсақ сөз байлығына мегзейді екен. Яғни, «байыпты сөйлеу» Тапқырлықтың да нышаны. Ал, «адамды семіртетін көңіл, ширататын өмір» деген қанатты сөз шешеннің төл туындысы. Мұны, мақал ретінде қабылдап, қолдануға, талдауға болады. Өйткені, тіркес «тоқсан сөздің тобықтай түйінін» беріп тұр.

Үшіншіден халықтың шешенді өте қадырлеп, сыйлайтындығы. Оны Ахаң да жақсы білді. Сондықтан «Жоғың ертең түске дейін табылады» деп сенімділікпен айтуы осыған байланысты.

Жақсысын жанындай жақсы көрген қазақ халқы әр кез Талпақтың Ахметжанына құрметпен қараған. Еңбегін бағалай білген. Нәтижесінде ол кісі Әлтеке, Сарым, Кернейге болыс та болады. Осыған орай ел аузында сақталып жеткен тағы бір әңгімеге құлақ түрелік.

Бірде ел жиылып мәжіліс құруға кіріскенде ел ақсақалы ортаға шыққан Талпақтың Ахметжанын: «Нұра болысының халық сайлаған биі, ұлық сайлаған болысы Ахметжан жиынды ашады» депті. Сөйтсе жиылған көпшіліктің алдында отырған атақты Адамбай, Тұрсынның Топатайы Ақаңды құрдас санап ойнай береді екен, былай депті: «Нұраның биі де Ахаң, болысы да Ахаң, ал енді астына ат мінгізіп, иығына шапан жабыңдар!». Бір жылдары Топатай бастаған бір топ елдің игі жақсылары Ертіс өзенінен өтпек болып, көпшілік өтпелі салға мінгенде Топатай қайыққа отырыпты. Ағымы қатты тұсқа жеткенде қайық аударылып, Топатай суға кетер қауіпі туғанда, өтіп бара жатқандарға айқайлап: «Мені құтқарып қалған адамға 5 сом беремін» дейді. Ол кезде бұл үш аттың құны екен. Сонан бір қайықшы жағаға алып шығып, Топатай қалтасын қарағанда 5 сом болмай, 3 сом табылып соны береді. Осы әңгіме ойына оралған Ахаң:

– Е, Топеке, Топеке! Тауып айттыңыз, талайлардың белінен басып, ауызын жауып айттыңыз! Бірақ, осы байлығыңыз қара Ертістің суынан өткенде қайда қалды екен? – депті.

Бұл әңгімеден ел ішінің жай-күйін, тыныс-тіршілігін жан-жақты біліп отырған басшыны, тапқырлықпен ұшқыр ойды ұштастыра білетін алғырықты айқын аңғарамыз. Әңгімедегі шешендік Ахаңның алғашқы не соңғы сөзі емес, бірақ, қай кезде болмасын түйін сөздің сол кісіге келіп тірелетіндігін айғақтай түсетін мысал болып табылады.

1915 жылдың жазында белгілі ақын Нармамбет Орманбетұлының ұйымдастыруымен кейін ел ішіне аңыз болып тараған үлкен басқосу өткізіледі. Ондағы негізгі себеп, абақтыдан босап келген атақты Мәди ақынды шақырып, қонақ ету болтатын. Алдын ала елдің иігі жақсылары да жиылыпты. Олардың арасында Адамбай – Тұрсынның Топатайы, Тобықты Ақсаққалдау Тілеш бай, Әлтеке Қосыбай шешен, Сарым – Байдәулет Талпақтың Ахметжаны тәрізді сыйлы тұлғалар да болыпты. Мәди келерден бірер күн бұрын үлкен дәмде бас қосқанда Нарекең:

– Иісі Орта Жүзге би болып, кейінгіге саналы сөзі қалған Қазыбек бабаның әруағы риза болсын деп ұрпағы Мәди ақынды шақыртып отырмын. Ақсораңның бауырына үй тіккіздім, он ту бие мен он құлын сойғыздым, алты саба қымыз дайындаттым. Ауыл жігіттеріне айтып, балуан күрес ұйымдастыртам. Қандай ойларыңыз бар? – деп сауал тастайды.

Тілеш бай тұрып:

– Мәди келген күні, өзінен бата сұрап бір ақбоз атты құрмалдыққа шалайық, ол менің мойынымда болсын! – дейді.

Топатай:

– Бір, саба саумалды сары уыз күйінде сақтап сусын ретінде беріп отырайық, ол менің міндетімде болсын! – депті.

Қосыбай шешен:

– Серіні сергітер бір амал, әнші – домбырашылардың өнері, оған мен жауапты болайын! – дейді. Сонда Талпақтың Ахметжаны:

– Әншіні ширататын саз емес пе?

Аңшыны ширататын тазы емес пе?

Балуанды ширататын күрес,

Батырды ширататын сайыс,

Шешенді ширататын сөз,

Ақынды ширататын айтыс,

Ел ішіндегі ақындардың басын қосып, айтысты өткізу менің мойынымда болсын? – депті.

Сонан Әбіш, Түсетай, Жуаспай, Бабас тәрізді ақындар келіп айтысты ұйымдастырып оған Мәдидің өзі де арласып, тамаша ақындар сайысы өтеді. Сол айтыста біраз ел адамдарының аттары да айтылған. Мәселен:

Қапастан ұштың босап бұлбұл құсым,

Мақпазда әр не болса жазу үшін.

Арғымақ аса шауып, торға түстің,

Көтермей ағайынның қайрат – күшін, –

деп Әбіш жырлағанда Мәдидің абақтыдан енді ғана босап шыққанын аңғартады.

Әбен мен Топатайға сәлем жаздым,

Қараңыз серпініне өнерпаздың.

Надан деп қарға қылып қарқылдатып,

Мырзалар несін алдым кәрі таздың, –

деген жолдардағы Топатай туралы біз жоғарыда айттық.

Нарекеңнен табылған сөздің нәрі,

Таниды Нарекеңді жұрттың бәрі.

Абайша тақпақтатып жөнелгенде,

Кеудеңе орнағады әсем сазы.

Исламда біз де кенде қалғанбыз жоқ,

Елімнен Меке барған Талпақ қажы, –

деп Ахаңның әкесінің де елге сыйлы тұлға болғандығын аңғартады.

Әрине, діни танымдық деңгейі жоғары болған әрі сауатты, әрі сындарлы Талпақ қажы, баласы Ахметжанды оқытпауы мүмкін емес еді. Ол кездегі оқу түрі тұрмысқа байланысты болатын. Жағыдайы төмен адамдар қай ауылда молланың бар екендігін сұрастырып алып, апарып оқытса, әлділер молланы алғызып, мектеп аштырып оқытатын. Ақынның тілімен айтар болсақ:

Кенжесі Жәбекемнің аты Бабық,

Алтауың Райымбектен тудың нағып.

Біреуіңнің саждаға басың тимей,

Сауатыңды ашты ғай молда Садық, –

деген заман еді. Дін оқуының төрт сатысын екі жылда толық тәмамдап шыққан бала Ахметжан өзінің тапқырлығымен, шешендігімен таныла бастайды.

Ел ішінде жүрген бір әңгімеде түнемелікте алтыбақанда бас қосқан қыз-бозбалалардың арасында екі жігіт дауласып қалып, соңы төбелеске ұласатын жағдайға жетеді. Екі жарылып алған жастар «Сен мықтысың, сен мықтысың!» деген желеумен жігіттерді жұдырықтасуға апарады. Сонда Ахметжан:

  • Адамның қолы жұмса жұдырық, ашса алақан! Жұдырық ашудікі, алақан сабырдікі, ашудың өзегі әлсіздік, ақылдың өзегі мықтылық, ал қайсысың мықтысыңдар, көрейік! – деп тұтанғалы тұрған төбелесті тоқтатыпты.

Әрине, ата – балаға сыншы. Ахметжанның тілге шебер, сөзге шешен, әрі әділ болып өсіп келе жатқандығын аңдаған Талпақ қажы оны ел билеу ісіне бейімдейді. Табын Бабажан деген қарияның айтуына қарағанда, алғашқыда Әлтеке-Сарым, кейіннен Нұра болысына болыс болған Орынбай деген кісі Ахметжанға бата берген екен:

Жәкемдей шешен бол,

Әкеңдей көсем бол,

Ақ патшаның жарғысын ал,

Көптің алғысын ал,

Ақылың ауыр, ісің тәуір болсын!

Сонымен, Талпақ қажының Ахметжаны мұрағат құжаттарында көрсетілгендей жалған жала мен 1918 жылы 24 мамырда болыстықтан алынса, 1931 жылы көтерілісті ұйымдастырушы деп жазықсыз айыпталып, атылады. Бұл жыл елдің игі жақсыларын жоғалтқан тауқыметті жыл еді. Естеліктер мен өзге де зерттеулерде айтылғандықтан, мұрағат құжаттарында көрсетілгендіктен өзге жәйіттерді қайталауды жөн көрмедік.

Түйіндей келгенде айтарымыз, өз кезінде Талпақтың Ахметжанының ел ішінде ең күрделі ауқымды деген істерге араласып отырғандығын осы айтылған әңгімеден толық байқаймыз. Ал мұндай шараларға қысу үшін, ол көптің қалаулысы болуы керек. Ахаң сондай деңгейден көріне білген тұлға.

 

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың Филология факультетінің деканы,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Әбдуов Мухаммадғали Ильясұлы

Қақпан ақынның өлеңдері мен толғаулары

Қақпан ақынның өлеңдері мен толғаулары

Ақындығымен Арқа өңіріне аты мәлім болған, өткір тілді, от ауызды Қақпан Жиренбайұлы ел аузынан жеткен мәліметтерге қарағанда 1864  жылы қазіргі Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Бұғылы тауының баурайында дүниеге келіп, 1934 жылы Қызылжарда қайтыс болған. Ол әрі кедей, әрі дау-дамайдан аулақ жүретін момын Жиренбайдың бес ұлының ішіндегі ең кенжесі. Мұны ақынның:
Туысқан бесеу едік Жиренбайдан,
Қолымда басқа мал жоқ жалғыз тайдан, –
деген өлең жолдарынан да байқаймыз. Қақпанның азан шақырып қойған аты – Батырбек. Ақынның аталас бауыры, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде өмір сүрген Ермек Мұстафиннің айтуы бойынша Жиренбайдан туған Құттыбек, Бұлдыбек, Құлыбек, Ысқақ және Батырбек. Міне, осы ең кенжесін өнерлі азаматтарды айрықша ілтіпат көрсетіп, сыйлайтын халқымыз ақындық қабілетін ерекше бағалап, сөзімен тіліп түсетін қасиетін байқап, Қақпан деп атап кетеді. Ақынның туған жері – Бұғылы тауының бір үлкен қойнауы – Қақпан сайы деп аталады. Шет ауданындағы Нұраталды ауылының сол кездегі тұрғыны Тайжанов Өкеннен 1973 жылдың 29 қарашасында облыстық «Жезқазған туы» газетіне келіп түскен хатта былай дейді: «Алыстан мұнартып көрінген Бұғылы-Тағылы, Құсмұрын-сымбыл қойнаулары Шет ауданындағы асыл өлкелердің бірі. Осы өлкеде өкпек желден саябыр сай бар. Бұл сай – Қақпан сайы деп аталады. Бұл сайдағы анау бір қораның орыны кедей семьясында туып-өскен Батырбек Жиранбайұлы тұрған үйдің орыны». Өкен де Қақпанның 1864 жылы дүниеге келгендігін айтады. Батырбек жеті жасқа келген шағында сол кезде ел ішінде етек алған шешек деген аурумен ауырып, қос жанарынан айрылады. Сөйтіп:
Көзімді алды менің бұл қорасан,
Көрмедім мұндай ауру мен орасан, –
деп жырлаған ақынның сауат ашуға мүмкіндігі мүлдем жабылады. Ақынның жанарының жеті жаста кеткендігін оның өз өлеңдерінен де байқаймыз:
Қарқабат, Қаракесек, атым Қақпан,
Жүйрікпін шығанақтан шыға шапқан.
Тәңірім жеті жаста көзімді алып,
Соқыр қып әр нәрседен мені қаққан.
Әдебиеттер мен әр түрлі басылымдарда Қақпан туралы мәліметтер айтарлықтай көп емес. Дегенмен, аздаған дүниелердің өзінен ақынның өз кезінде алдына жан салмаған шебер тілді, өткір сөзді әрі сазгер, әрі әнші өнерпаз болғандығын айқын аңғаруға болады. Қарт журналист О.Орынтаев «Орталық Қазақстан» газетінің 1977 жылғы 20 қыркүйектегі санына шыққан «Қақпан ақын хақында» деген мақаласында мынадай естелік айтады: «Тоқырауын бойын мекендейтін Тобықты елінің Манас руынан шыққан атақты ақын Кенішбаймен жұп жазбай он жыл дәмдес-сырлас, жолдас болдым. Ол көпті көрген көне қария, әрі суырып салма тәсілмен айтатын төкпе ақын еді. Сол Кеншекең 1960 жылы 94 жасында дүние салды.
Кеншекең бір реттегі әңгімесінде шаншар руынан шыққан атақты ақын Соқыр-Ажарға амандаса барғанда, сол елде жүрген Қақпан ақынмен кездескенін әңгіме етіп айтқанды Қақпанның бір-екі өлеңін де айтып берген-ді.

  • Мен Қақпан ақынмен екі рет кездестім. Бірінде Қу еліндегі Ажар ақынның үйінде алғаш көріп, амандасып танысқанбыз. Мен сияқты, Қақпан да амандаса барған екен. Бұл жолы сөзді Ажар бастап айтты да, біз пәлендей шешіліп сөйлескеніміз жоқ, Ажардың әңгімесінен тыңдаумен болдық. Екінші рет Қақпанды әдейі еліне іздеп барып, сөйлесіп, сыр шертіскенімізде білгенім мынау еді, – деп Кеншекең әңгімесін одан әрі созды.
  • Қақпан өзімізбен көрші отырған мына Шет ауданының адамы. Ұмытпасам әкесінің аты Жиенбек (не Жиенбай) еді. Өзі тым сөзуар, өткір тілді, орақ ауызды, шешен адам еді. Ертеде Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінің Қызылтау деп аталатын болысында, кедей шаруаның семьясында туып-өскен. Руы – Қояныштағай. Бес-алты шамасында қорсан шығып, екі көзі бірдей майып болып қалған. Кішкентай кезінен домбыра тартып, естіген күйлерін қалт жібермей, нақысына келтіре тартылатын болып, ауыл-аймақ, естірмендерінің алғысына бөлене берген». Расында Қақпанның ақындығымен көпшілікке танылуы бала кезінде басталғандығын көптеген көне көз қариялардың айтқан әңгімелерінен анықтауға болады. Ақынның қос жанарынан айрылып көзі көруден қалғанымен көңілі, ақыл-ойы алысты барлайтын ақындарға тән байқампаздығы мен тіл өрнектері шығарған толғауларынан көрініп отырады. Бірте-бірте өзінің ақындық өнерін күн көріс кәсібіне айналдырады. Нәтижесінде жеке адамдарға арналған арнау өлеңдер өмірге келіп, олардың бір тобы өткір сынға бағытталса, екінші тобы, мақтап, марапаттауға негізделген. Ақынның ағайындарының бірі Ермек Мұстафин Қақпанды жиырмасыншы жылдары біраз уақыт Шу өңірінде болғандығын айтады. 1958 жылдың 23 наурызындағы «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланған «Соқыр Қақпан ақын» деген топтама өлеңдердің кіріспесінде Қақпанның үш баласының болғандығын, үлкені – Торғайбекке қастандықпен у беріп өлтіргендігін, ал, кейінгі – Саулебек пен Қасымхан деген балаларының Ұлы Отан соғысында қаза тапқандығын жазған. Ал, Ермек ақсақалдың өзімен тілдескенде 1939 жылы Қызылжарға барып Қақпанның үйінде болғандығын Сәулебек пен Қасымханның ет комбинатында жұмыс істеп жүргенде көргендігін әңгімеледі. Бәйбішесі Ақбикешті 1948 жылы шет ауданының Шет совхозына қарасты Тұмсық бөлімшесінде тұратын Қақпанның туысқаны Әбікей Кәрібеков деген кісі көшіріп әкеледі. Ақбикеш 650 жылдардың орта кезінде қайтыс болған.

Ақын туралы жазылған деректер айтарлықтай деректер көп емес. Дегенмен, 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан Д.Шалабековтың құрастыруымен жарыққа шыққан «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» деген жинақтың кіріспесінде мынадай мәлімет берілген: «1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институты бастырып шығарған Балхаш Әбиевтің «Қарағанды кені» дейтін кітабында:
Жолығар пәнде өмірдің әр ісіне,
Нілдінің тас ұнталар дәрісіне.
Қыдырғанда қызырдың ісін басып,
Кез келдім Байшағардың Әлісіне.
Және:
Әуелі бісміллә деп сөзді бастап,
Бұлбұлдай тілді безеп мен бір қақсап.
Ел тозған, заман азған турасында,
Артыма кетейінші аз сөз тастап.

Жатқанымыз ағылшынның казарма үйі,
Лас, былық, жан тынығар жоқ бір күйі.
Жүргеніміз жер асты күңгір білте шаммен,
Адамның айналғандай баста миы.

Сатыдан күнде түсіп булужка алып,
Осындай күйде жатыр талай халық,
Жас өмір жапан түзден күн кешіп ек,
Япырмай көрерміз бе енді жарық?

Қайғылы мұңды болып ғаззі басты,
Төзімсіз күйде кешіріп өмір жасы,
Зорлықты тартып жатқан сан мұңлықпыз, –
деген текст келтіріліп, бұл өлеңдердің біріншісінің авторы 1934 жылы қайтыс болған Соқыр-қақпан екендігі, екіншісінің авторы белгісіз, бірақ Қарағанды жұмысшыларының арасында туғандығы айтылады». Келтіріліген деректен қақпан ақынның өз кезінде көпшілікке танымалы болған, өлең-жырларының ел ішіне кеңінен тарағандығын байқаймыз. Ақынға байланысты келесі бір керемет суреттеуді атақты жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романынан кездестіреміз. Туынды көркем шығарма болғанымен Қақпанның бет-бейнесі өте шебер әрі нанымды бейнеленген. Оқырманға түсінікті болу үшін үзіндіні толық келтіргенді жөн көрдік: «Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған бір бала жетелеп келді. Келе-ақ домбырасына қосыла сарнады сол адам:
«… Сұрасаң руымды Қояныштағай,
Ішінде Қояныштағай Дәулет-Таңай,
Белгілі Қақбан ақын мен боламын,
Саумысың, Махамбетше жарқыным-ай.
Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан,
Тәңірім ораза ашар әлі болса,
Тентіреп қақсар ма еді жақ жаппастан.
Құдайым көзімді алды көрмесін деп,
Жын-шайтан әзәзәлге ермесін деп,
Ырзығым ел үстінде болғаннан соң,
Тауышқа ишарат та жетер деген,
Жаманға жер жарады Махамбетше,
Малталап сөз қадырын езген емен».

  • Иә, иә, жетер, Қақбан. Мені несіне торисың. Өзім де торушының бірімін, – деп Махамбетше кірпідей жиырылды. Жұрт жиналып қалған. Базарға шөп, мал әкелген қыр қазақтары арбасының үстінен, аттылары жаяуларды қоршаған көпті дыбысынан сезіп, дәуірлей соқты:

«… Асып ед әкең Қыдыр Қуандықтан,
Кәнікей шыққан мүйіз жуандықтан.
Аузыңды аждаһадай ашсаң-дағы,
Түйені түгіменнен жұтсаң-дағы,
Ақыретке әкетерің үш қабат бөз,
Жиғаның қалар бір күн болып тоз-тоз:
Шын жыласа көз соқырдан жас тамады,
Шын қызса тас та балқып ағады.
Шыңына жетпей қызыл тілім тоқтамас,
Ерегіссе у шашқан аузымнан кім қағады.
Қара есек мінген қара сарт,
Қара арғымақ жегіпті.
Қағазымды сорған соң,
Майға әбден бөгепті.
Қойшыны құдай атарда,
Шопанға тиер таяғы.
Байды құдай атарда,
Төбеңе ойнар аяғы.
«Кет!» деді-ау, сарт қақсамай!
Әдейі іздеп келгенде,
Сен де отырсың жақтамай.
Бай мен биде қайыр қалмады,
Қайтсің Қақбан ел ақтамай».
Тырысып отырған Махамбетше «Қара сарт» дегенде жараңдап, жымың ете түсті. Ақын Сейіткемелдің Әубәкіріне салып еді тілін. Кейін байыған, кірме ауылдас Әбубәкір ру басы Махамбетшенің сиқымбайымен қырқысып алған жерін, бауыр басқан елін меңгеріп барады. Феодал Махамбетше түгілі Мәскеу шауып жүрген Егордың өзі «Мынау қайтеді?!» дей бастаған. Сондықтан Әбубәкірді мұқатқан әрбір сөз екеуінің қышыған жеріне тиді. Сараң Махамбетше «Бірдеме беріп құтылмаса болмас» деп дамбалдық шөжім бергенде, Егор көйлектік үш кез тізбен берді. Ойында ештеме жоқ бала Абдрақман енді ғана аңғарып «Соқыр ит» деді де үйіне жыламсырай жөнелді. Сары бала бәріне бейтарап. Жиын тараған соң жалғыз қайтты. Ақын сөзі есінлде. Бірнеше шумағын жатқа айтып келеді…»
Республикаға танымалы журналист Ырымқұл Сүлейменов Қызыкең Түсіпов деген кісінің Қақпан туралы айтқан естілген былай деп келтірген: «Мен Қақпанды талай рет көрдім, ел аралап өлең айтып жүруші еді. Хиссаларды көп білетін. «Алпамысты» ұзақ түнге айтып тауса алмайтын. Зейіні күшті, бір естігенін ұмытпайтын-ды. Қақпан тамаша домбырашы еді. Ол ән де шығарған адам. «Рти-рти» әнін қазір де көп адам айтады». Қақпанның «Ішкенім – айран-шалап, тіккенім – қос» деген өлеңіне байланысты «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» деген кітапта мынадай түсінік берілген: «1956 жылы 5 майда Хасен Манкиннен жазылып алынды. Х.Манкин өлеңнің тууы туралы былай дейді: «Ұмытпасам 1905 жылы желтоқсан айында ағылшын байларына қарсы жанжал жасады. Сонда ағылшын байына Нілді болысы Жәкен көмектесіп, қазақтардың қожайындарға қарсы төбелісін қойғызған екен дейді. Сол үшін ағылшыннан көп сыйлық алады. Бір ретте осы маңдағы соқыр Қақпан деген атақты ақын Ақмола жәрмеңкесіне барып жүріп, Майлықұл деген кісінің үйінде Жәкен болыспен қағысып қалады. Сол жерде Жәкен болысқа осылай деп айтып салған екен» Өлең жолдарына назар аударар болсақ Жәкен болыстан басқа Белден деген адамның есімі кездеседі:
Ішкенім айран-шалап, тіккенім қос,
Мал үшін Белденменен болмадым дос.
Мұндағы Белден ағылшын байының есімі болса керек. Олай дейтін себебіміз осы жинақтың ішіндегі Ілияс Манкиннің «Бір Алла жәрдемші бол, өзің айла» деген өлеңінің соңында:
Жас бала, қара қазан қамы үшін,
Болдық біз ағылшын бай Белденмен қас, – деген жолдар бар. Осы түйінге сүйене отырып, біз жоғарыдағыдай пікірге тоқтағанды жөн көрдік.

Абдуов Мухаммадғали Ильясович,
ф.ғ.д., профессор  

Жидебай батыр және жоңғар шапқыншылығы

Жидебай батыр және жоңғар шапқыншылығы

Ұлттық рухани мұраның жанашыры М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресі» кітабында мынадай мәліметтер келтірілген: «Қожаназар ел жұртына аман-есен келді, қатын алды, бір ұл туды. Атын Жидебай қойды. Жидебай құрттай бала күнінде тапқан шешесі өліп қалып, Қожаназар бір тоқал алды». Әрине, бұл ел аузынан жеткен аңыздың желісінде жазылған мәселе. Десек те екі түрлі жәйітке қанық боламыз. Біріншісі, Жидебайдың әкесінің Қожаназар екенін, шежірелік деректерде де осылай айтылады. Бірақ, бір әңгімеде бірінші әйелінен туған десе, келесі бір жерлерде екінші әйелінен туғызады. Екіншісі, жастай анасынан жетім қалуы және бір анадан жалғыз болғандығы. Бұл екеуі де маңызды деректер. Біз жоғарыда Қожаназардың жоңғарлар қолынан босап келген уақытын 1712 жыл деп пайымдаған едік. Осы байдамды басшылыққа алсақ Жидебай 1713 жылы туған болып шығады. Батырдың ескі мазарына қойған көктаста Жидебайды ХVІІ ғасырда өмір сүрген деп көрсеткен еді. Осыған орай нақты кезеңді айқындай уақытында зерделеу жұмысын жүргізіп 1986 жылы «білім және еңбектің» №9 санында «Жидебай батыр» деген атпен мақала жариялаған едік. Біздің тілімізге тиек болған мәселе Жидебайдың Абылай ханға батыр болғандығы. Ал, Абылай хан 1711 – 1781 жылдар аралығында өмір сүргендігі тарихи мәліметтер мен жазба мұрағат деректері арқылы толық дәлелдеген. Олай болса, Жидебай батыр да ХVІІІ ғасырдың адамы. 5 жасында анасынан, 7 жасында әкесінен Жидебайдың жаугершілік замандағы балалық шағы жеңіл болған жоқ.
Әлихан Бөкейханов «Ата тегіміздің айнасы» деген зерттеуінде : «Әлтекеден, бірінші әйелінен – Өтеген, Есболай, екінші әйелінен – Дос, Әлмұрат, үшінші әйелінен – Сапақ. Өтегеннен – Байдаулет, Бәйімбет, Жангел, Қойкен (Шерубай – Нұра өзенінің бір саласы, Қойгелдің бейіті жанында, Қойгел есімімен аталады. Жарас, Бесбалдақ, Қазақбай деген үш бейіттің атымен Нұра болысында үш өзен аталады). Есболайдан – Бірназар. Достан – Қожаназар, Баптен, Мырзақұл. Қожаназардан – Жидебай. (Жидебайдың бейіті 16 ауыл жерінде және Әлтеке немесе Дос рулары оны әулие санайды, басына бала көтермеген қазақ әйелдері басына түнейді, Дос руы Жидебайдың атымен ант береді және антын ешқашан бұзбайды, Жидебай ХVІІІ ғасырдың аяғында өлген). Жидебайдан Есенаман, Есіркеп» деп жазған. Бұл батырдың өмір сүрген кезеңін айқындаған біздің пікірімізді айғақтай түседі.
Сонымен,  ХVІІІ ғасырда өмір сүрген халық батыры Жидебай Қожаназарұлының туған кезі 1713 жыл деген тоқтамға келдік. Ендігі мәселе батырдың қай жерде туғандығын анықтау. Осы өлкеде, мынадай мекенде өмірге келіпті деген нақты тарихи дерек те мәлімет те жоқ. Дегенмен, қисынға келетін әңгімелер негізінде тұспалдап табуға болады.
Қазақ жаратылыстың заңдылықтарын терең түсіне білген халық. Әрбір іс, әрекет, сөз белгілі бір қағиданы басшылыққа алып отырған. Адамның есіміне байланысты да осыны айтуға болады. Танымалы тұлғалардың есімдерінің қайталанып отыруы (Абылай, Омар, Бөгенбай т.б.), күннің жатысына орай қойылуы (Бейсенбай, Сәрсенбай,Жұмабек т.б.), заманның талабына сай алынуы (ХХ ғасырдың 30 жылдарында  Совет, Социал, Партия, Кеңес т.б. аттарының пайда болуы) мекендік орындарға орай берілуі (Ертісбай, Жайық, Арқабай, Еділбек т.б.) біздің пікірімізге дәлел бола алады. Енді, Жидебай есімінің қойылуына назар салып көрелік. Есім «Жиде» және «бай» деген сөздерінің бірігіуінен жасалып тұр. Мұнда негізгі екпін түсетін сөз алғашқы бөлігі де, соңғысы жиі жалғанатын үстеме сөзге жатады. Жиде-жеміс. Ол өзге де жемістер тәріззді жазда өсіп, өнімін береді. Ендеше ел жайлауда отырғанда өмірге келгендіктен нәрестеге осындай есімнің қойылуы мүмкін. Дегенмен, қазақта Жайлаубек, Жайлаубай, Күзгібек деген тәрізді есімдер де кездеседі. Ал Жидебай – сирек кездесетін ерекше қойылған ат, заманның ағымына күннің жатысына келмейді.
Біз жоғарыда Дос батыр туралы әңгіме қозғағанда қай өңірде өмір сүргендігін, қай жерде қаза тапқандығын және сол өлкеде Дос деген өзеннің бар екендігін айтқан едік. Осы байламды басшылықа ала отырып, аталған аймаққа назар салсақ, Балқаш көліне келіп құятын Іле өзенінің бір сағасы Жиделі деп аталады. Атауына қарағанда жемісті өңірге ұқсайды. Біздің пікіріміз бойынша осы өзеннің бойында өңірге келгендіктен батырға Жидебай деген есім берілген (жоба бойынша алғашқыда Жиделібай деп қойылған есім бірте-бірте ауызекі сөйлеу тілінде ықшамдалып Жидебайға айналған). Бізде қалыптасып қалған дәстүр бар. Егер әңгімеге өзек болып отырған тұлға арғын елінен болса, бірден оны арқамен байланыстыра бастаймыз. М. Тыншбаев өзінің зерттеуінде былай дейді: «из описаний Тимура знаем, что Аргыны в 14 веке жили между р.Ала-куль и р.Каратал, т.е. оставались на прежных местах». Яғни, Балқаш көлінің оңтүстік жағында өмір сүргендігі жайында мәлімет береді. Тарихта аумалы – төкпелі кезеңдер болмай тұрмайды, сондықтан, қоныстану мәселесінің де өзгеріп отыруы табиғи заңдылық.
Жидебаймен аталас ағайынның ұрпағы белгілі ғалым, профессор Төлепберді Ақышов: «Жидебай батыр Сыр бойындағы Қаратау өңірінде туып, Сарыарқадағы Ақсу-Аюлы тауының солтүстік батысында, кейін Жидебай әулие аталып кеткен жерде Шет ауданының орталығынан 15 шақырым қашықтықта дүние салған» деп батырдың оңтүстік өлкеде өмірге келгендігін айтқан. М.Ж.Көпеев айтқандай жаугершілік заманда күнде көшіп, қоныс ауыстырып жүрген елдің Қараталдан бастап, Қаратауға дейінгі аралықты басып өтуі әбден мүмкін. Кәрі құлақты қариялардың біресе батырды Қаратау бойында, кейде, Іленің бойында өмірге келтіруі осы себептен туындаған болса керек.  Сонымен біз Жидебай Қожаназарұлын Іленің бір сағасы болып табылатын Жиделі өзенінің бойында туған деген тоқтамды ұсынғанды жөн көрдік.
«Алып – анадан туады» деген қазақ халқында мақал бар. Жидебай батырдың анасын бір деректерде Нар бала десе, келесі бір деректерде Нарғыз деп айтады. Ал аңыздарда біресе түрікпенқызы, біресе арабқызы деп баяндалған. Мәселен, Аманқұл Мұсатайұлы мынандай жағдайды жазған: «содан Дос баласы Қожаназар екеуі мекеге жүріп кетеді. Аман –есен жеткен соң медресеге түсіп, Сұлтан қажы деген мұғаліммен танысып жолдас болып жүреді. Сұлтан қажының жалғыз қызы Нарқыз да сонда оқиды екен. Қожаназар екеуі бірін-бірі ұнатып, ғашық болып қалады.» («Ағадыр таны газеті, 26 маусым, 1993 жыл.»). Әлтекенің 28 жасында жау қолында қаза тапқанын жоғарыда айтқанбыз. Шапқыншылық уақытта елден алшақта жатқан өзге мемлекетке сапар шегу де оңай емес. Және Сұлтан көпшілігінде түркі тектес халықтарға тән есім. Бірақ бізге бұл жердегі қажеттісі батырдың анасының есімін айқындау. Ғ. Ақпанбекте «Арқа» журналының 1993 жылғы 3 санында: «Қожаназардың екінші әйелінен Жидебай туады. Жидекеңнің анасы Нарбала (лақап аты болса керек)» деп жазады. Осы айтылған пікір қисынға жақын. Бірде Нарбала, енді бірде Нағыз деп алынуы да есімінің ел қойған нұсқасы екендігін аңғартады. Десек те, есімге ерекше мән беретін қазақ Жидекеңнің анасын Нарбала деп атауына қарағанда ол кісі ірі, алып тұлғалы адам болғанға ұқсайды.
Өкінішке орай Жидебай есі кірмей тұрып анасынан есін біле бастаған кезінде әкесінен айырылады. Бұл туралы ел аузындағы сақталып қалған аңызда да, М.Ж.Көпеевтің еңбегінде де ашық айтылған. Әрине, апар анамыз Жидебайды жатсынған жоқ. Дегенмен, әркімге өз анасы ыстық, өз баласы жақын. Болашақ батырдың жас кезінде жетімдіктің тауқыметін тартқандығын жоққа шығаруға болмайды. «Жидебай батыр» дастанындағы:
Шешем мені күтеді,
Өз баласына көбік береді,
Жалай берсін деп.
Маған тезек береді,
Отқа қалай берсін деп, –
деген жыр жолдары біраз жағдайдың басын ашып тұр. Батыр бала кезінде мұсылманша оқыған, білім алған, оның діни сауатты болғандығы жайлы аңыздар да, әңгімелер де баршылық.
Ұлттық дәстүрдегі қалыптасқан, көптеген ғасырлардың бойына сұрыптаудан өтіп орныққан салттың бірі – ес біліп, етегін жинаған баланы ынта-жігеріне қарай отырып, бағдарлы түрде өмір тәжірибесін жинақтаған, көргені мен тоқығаны мол тұлғалы адамға бата алуға жіберуі. Және бір айтатын мәселе егер бала ән айтуға бейім болса, танымалы әншіге, өлең шығаруға ыңғайы болса, белгілі ақынға, сөз сөйлеуге шебер болса, шыныққан шешенге тағысын – тағылар жіберетін болған. Бұл пікірімізге орай айтуға болатын дерек те, мәлімет те жеткілікті. Осындай орныққан дәстүрдің көрінісі Жидебай батырға да қатысты. М.Ж.Көпеевтің жазбасында Әлмұрат байдың үйіне Қаракерей Қабанбай батыр келген күні бабасы Дос баланың түсіне еніп, барып батырдан бата ал деген аян береді. Ертеңіне аттанып бара жатқан батырдың алдынан шығып, батасын алып, төрт алмажайының бірі қызыл түлкіні иеленеді. Аманқұл Мұсатайұлы Жидекеңнің түсіне анасының кіріп, қос түлкі киесінің келгенін жылқыдан қандай ат таңдау керектігін, елді қорғауға аттануының қажеттілігін айтқандығын жазады. Егер біз қалыптасқан дәстүрге жүгінсек Жидебайдың Қабанбай батырдан бата алғандығы көңілге қонымды. Себебі мықтылығы жас кезінен байқалған Жидекеңнің үлкендердің ұсынысы бойынша ауылға келген Қабанбайдан бата сұрауы дәстүрге сәйкес. Мәжһүр Жүсіп жазбасындағы «ата, маған керек бата!» деген сөз тіркесі оқырманды еріксіз ойландырады. Аға емес, ата. Яғни, біздің пайымдауымызша жаңағы айтылған сөзге қарағанда Қабанбайдың жасы сол кездерде кемінде қырықтың бел ортасында болған. Оған жоғарыдағы айтып кеткен дәстүрге тән батаны көпті көрген адамннан алу керек деген мәселені қоссақ пікіріміз айқындала түседі. Енді, Жидебайдың бата алған жасын шамамен анықтауға талап жасап көрелік «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» болған жылы тарихи деректермен анықталған 1723жыл. Оған қатысты аңыз әңгімелерде Жидебайдың есімі айтылмайды. Ол орынды. Себебі шайқасқа шығатындай жігіт емес , бұғанасы қатпаған жас бала еді. Осы бір зұлмат жағдай елдің басын біріктіруге, дұшпанға қарсы топтасып күресуге ұйытқы болды. Бірақ, бұл бірден жүзеге аса қойған жоқ. Әрі жұттан жұтап шыққан, әрі іле-шала жоңғардың жойқын шабуылуынан есеңгіреп, аулаққа қоныс аударып кеткен жұрттың өзіне-өзі келуіне де біршама уақыттың қажет болатындығы белгілі. Б.Д.Жұмақаеваның «Қазақстан тарихында» былай деп жазылған: «1726 жылы елді азаптан құтқару ісін халық өз қолына алды. Шымкентке таяу Ордабасы деген жерде үш жүздің басшылары, билері жиын өткізіп, онда қазақ жасақтарына қолбасшы болып, Әбілқайыр хан  және Бөгенбай батыр сайланды. 1727 жылы Ырғыздың оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жанында «Қарасиыр» деген жерде қалмақтарға енсеңгірете соққы берді». Кейін халық бұл мекенді «Қалмаққырылған» деп атап кетті. Сонда жоңғарлардан өлкені алғашқы азат ету соғысы 1727 жылы жүргізілген болып шығады. Егер қисынға сүйенер болсақ, 1723 жылдан кейін шамамен екі жылдай ес жиған ел жауға қарсы күш біріктіру үшін дайындық ісіне кіріскендігі ақиқат. Ол да оңай шаруа емес. Халыққа сыйлы батырлар ел ішін аралап жауынгерлер жинаумен айналысты. Олардың сауыт-сайманы, қару-жарағы, жарамды аттары, азықтары және т.б. осы тәрізді қажеттіліктерді өтеу жеңіл болған жоқ. Аласапыран жағдайды А. Левшин былай деп суреттейді: «Переходы сил влекли за собою неминуюмые разорение и гибель. Стада и табуны ежедневно уменшились; миновая торговля прекратились; нищета и страдания сделались всеобщими: иные умерали с голода, другие бросали жен и детей своих. Наконец бегущие остоновились; но где же? – вместах безплодных и непредставляющих никаких удовсть для качевого народа.» міне, осындай ауыр кезеңді өткізген халықтың басын біріктіруге алдымен батырлардың шығуы қалыпты жағдай еді.
Қаракерек Қабанбайдың да шағын топпен ел аралауы осы мақсаттан туған. Бұл шамамен 1725-1726 жылдарға сәйкес келеді. Батырдың Әлмұрат ауылына ат басын тіреуде мән бар. Жаугершілік кезеңдерде Айтуған, Әлтеке, Дос, Қожаназар тәрізді мықты батырлардың шыққандығын, дұшпан шабуылуына тойтарс беріп, ел ішіне қия бастырмағандығын кезінде Достың көзін көрген, жанында жүрген Қабанбай «тектіден текті тумайма, атаның жолын қумайма ?» деп халық айтқандай біт топ ел қорғаушы сардарлардың майқы ұрпақтарынан шығатындығына кәміл сенген. Ол рудың ақсақалы Әлмұраттың, егер Дос екеуі егіз деген дерекке сенетін болсақ тоқсаннан асқан шағы болатын. Жидебай он екі, он үштердегі бала да, ал Қабанбай алдындағы айтқан тұжырымға жүгінсек қырықтың толық ішінде, яғни, 1680 жылдары туған болып шығады. Ұлт қайраткерлері туралы жазылған «Елтұтқа» деген жинақта мынадай мәлімет бар. «Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-62 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігінде жүрген дана, би ретінде айтылады». Әрине, XVIII ғасырдың 40-60 жылдары Қабанбайдың жасы 60 пен 80 аралығында болса, көпті көрген ақылгөй дана ақсақал ретінде ел ісіне араласуға лайықты жаста болғандығын байқаймыз.

Абдуов Мухаммадғали Ильясович,
ф.ғ.д., профессор

Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы

Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы

Қалиев Бектұрсын Аманқұлұлы
ҚарМУ қазақ тіл білімі
кафедрасының доценті, филол. ғыл. канд.

Қазақ халқы кеңестік қызыл империяның пәрменімен ХХ ғасырдың 20-30 жыл ішінде 3 рет әліпбиін (алфавитін) ауыстырған екен. Мұның астарында халықтың ғасырлар бойғы жинақталған бай рухани тарихын біржолата ұмыттыру, отарлау, орыстандыру, жалған «сауаттандыру», мәңгүрттендіру саясаты жатқандығын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
1929-1940 жылдар аралығында ресми түрде қолданылған латын әліпбиімен үкіметтің қаулы-қарарлары, мемлекеттік баспасөзі, көркем әдебиеті т.б. жарық көріп тұрды. Кейіннен бұл жазу кеңестік идеологияның саясатын мүлтіксіз жүргізуге кедергі келтіреді, біртұтас кеңес халқын жасаймыз, барша жұрт орыс тілінде сөйлесе, солғұрлым коммунизмге тез жетеміз деген желеумен әліпбиді кириллицаға көшіріп жіберді.
Соңғы уақытта осы латын жазуына қайта көшу немесе қайта оралу мәселесі көпшілік арасында біраз пікірталасқа айналып отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2006 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс.
Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» [1], – деген пікірі, 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» [2], – деген мәлімдемесі, әсіресе зиялы қауым ортасында үлкен резонанс тудырды.
Радио, теледидарда, газет-журнал беттерінде латын жазуына көшу не көшпеу туралы қызу пікірталас басталды. Жаңа әліпбидің бірнеше үлгі жобасы жасалғандығы айтылғанымен, мына жобаны пайдалануға болады деген нұсқасы халықтың талқылауына ұсынылған жоқ.
Украина мен Қырымдағы 2014 жылғы саяси оқиғаларға байланысты латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібінен түбегейлі алынып тасталмаса да, мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдары бұл жазу жайында мүлде жақ ашпай кетіп еді. Мұндай үнсіздік бәріміздің ойымызға Қазақ елінің 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу, көшпеуі екіталай деген күдік ұялатқаны жасырын емес. Бұл күдікті Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы [3] әбден сейілтті деп айта аламыз.
«2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», – деген мемлекет басшысының сөздері латын әліпбиіне көшу туралы дау-дамайға нүкте қойғандай болды. Десек те, латын әліпбиіне көшуді жақтайтындар бұл мемлекеттік тілдің нығаюына оң ықпалын тигізеді десе, қарсы жақ халық арасында сауатсыздық басталады деп үрейленуде.
Яғни «Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген бүгінгі күннің сауалы – ел келешегін ойлаған әрбір азаматтың көкейкесті мәселесі. Қолданылып келе жатқан әліпбиімізді латын жазуына ауыстыру бізге не береді, неден ұтамыз, неден ұтыламыз деген секілді сұрақтарға келсек, оған мынадай жауаптар беруге болады:
1. Тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бірізге түсірілмей келеді, барлығына ортақ әліпби құрастыру (жазу) түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келер еді;
2. Өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосушы фактордың біріне айналар еді. Өйткені бәріміз бір тілде сөйлегенімізбен, әртүрлі әліпбиді пайдаланамыз, мәселен, Ресейде, Монғолияда өмір сүретін қандастарымыз – кириллицаны, Қытай, Ауғанстан, Пәкістанда тұратын бауырларымыз – төте жазуды (араб жазуын), ал Түркия мен Еуропа мемлекеттерін мекендейтін алаш перзенті – латиницаны қолданады. Бұл, әрине, өзара хат-хабар алмасуды күрделендіріп, жазу арқылы тілдесуді қиындатады. Мұны шетелдің жоғары оқу орындарыаралық келісімшарт негізінде білім алып жатқан Қытай мемлекетінен келген қандас студенттерімізді оқыту барысында көріп жүрміз. Яғни латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі деп айта аламыз.
3. Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Мәселен, алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып жарияланған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес.
4. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.
Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.
5. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.
6. Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын Kazakhstan деп емес, Qazaqstan деп жазған болар едік.
Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланыстары екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді.
7. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді. Мәселен, бұған дейін кириллицамен жазылып келген қазақ тіліндегі сөздерді латын әрпімен таңбалайтын болсақ, тіл үйренушілер ол сөздерді басқаша қабылдайды, олардың ойында басқа ассоциация пайда болады: Қазақстан – Qazaqstan, өнер – öner, өзен – özen, өмір – ömir т.б.
Қазір қолданылып келе жатқан көзіміз де, құлағымыз да әбден үйреніскен кирилл жазуы аса жетілген, кемел еместігін қазақ сөздерінің орфографиясына, орфоэпиясына келгенде анық байқадық. Жазуда қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынбайтын жат тіркестер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тілі заңдылықтары негізінде сақталып жазылуы, басы артық ь, ъ таңбалары, в, ф, ц, щ, ю, я әріптері т.б. қиындықтар кездесуде.
Бүгінгі ұрпақ дыбыстардың тіркесім заңдылығына, дыбыс үндестігіне мән бермей, жазудың жетегінде, әріптің негізінде сөйлеп (дыбыстап), тіліміздің ең басты ерекшелігі болып табылатын, мыңдаған жыл бойы атадан-балаға мирас болып келе жатқан үндестік заңдылығын бұзып, артикуляциялық базамызды бүлдіруде. Мысалы, Құнанбай – Құнамбай, көкөніс дүкені – көгөнүс түкөнү, күн күркіреді – күң гүркүрөдү, таза ауа – тазауа т.б. болып тіл және ерін үндесіміне бағынып барып дыбысталуы тиіс.
Сөйтіп, орыс жазуына негізделген 42 әріптен тұратын әлемдегі әрпі көп жазуымыздың арқасында әріппен сөйлейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Тіл мамандарының таңба басқа, дыбыс басқа болады деген пікірі ескерілмеді. Орыс жазуына негізделген қазақ жазуы дыбыстық жүйеге мынадай өрескел қателіктер әкелді:
– қазақ тілінің фонетикасы қате теориялық түсінік бойынша оқытылды;
и, удыбыстары біресе дауысты, біресе дауыссыз деген қате тұжырым пайда болды;
– кірме сөздер мен терминдер тіліміздің басты заңы – сингармонизмге бағындырылмады, таза орыс тілінің дыбыстық заңы бойынша айтылды;
– қазақы акцент жоғала бастады;
– жуан және жіңішкелік белгі бойынша сөйлеу қалыптаса бастады, мәселен, Асель, халің қалай? (Әсел, қалың қалай?)
– сөзде екі дауысты дыбыс қатар жазылатын орфограмма енгізілді, мысалы, киім, киік, тиын, қиын, жиын, суық, буын т.б.;
– ерін үндестігі есепке алынбады, мектеп бағдарламасына енгізілмеді;
– қазақ тілінде дыбыс «сингема» емес, «фонема» деген тұжырым енгізілді;
– орфографиялық сөздікте фонетикалық ұстаным басты болмады, орфографияда ала-құлалықтар пайда болды;
– сөйлеуде орфоэпиялық норма басты болмай, орфографиялық норма басты болды;
– емле саласында күрделі қиындықтар пайда болды т.б.
Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керектігін қазіргі фонетист-ғалымдардың бірі Ә.Жүнісбек тынбай айтып келеді. Ғалымның: «Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады» [4], – деген пікірі көңілге қонымды айтылған.
Қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау – қазіргі күннің талабы. Ұлы А.Байтұрсынұлы бастап белгілеп берген қазақ тілінің төл дыбыстарының саны 28 (а, ә, б, ғ, г, д, е, ж, з, й, қ, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ш, ы, і) десек, осы дыбыстардан бөлек қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген й, у таңбаларының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін, езулік, еріндік, үнді [y, w] дауыссыз дыбыстарға жатады: ми [mɪy], қи [qɪy], ти [tіy], ауа [awa], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu], у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw] т.с.с. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ, ал ағылшын тілінде бар, қазақ тілінде де бар.
Яғни латын таңбасына негізделген қазақ әліпбиін жасауда тілдің дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен орыс тілінен кірме дыбыстар жеке-жеке қарастырылып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Бұл істі кез келген адам атқара алмайды, арнайы фонолог мамандар мен компьютер технологиясының тілін жетік меңгерген программистердің әліпби мәселесіне ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, оны әбден пысықтап алып барып, жүзеге асыруына тура келеді.
Біз, қазақ елі, уақыт көшіне ілесіп, қалып қоймай, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін, жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Назарбаевтың 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында сөйлеген сөзі
2. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2012 жыл, 14 желтоқсан.
3. Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // Егемен Қазақстан, 2017 жыл, 12 сәуір.
4. Жүнісбек Ә. Әліпби мәселесі // Abai.kz

Талпақтың Ахметжаны: әдеби мұрасы

Талпақтың Ахметжаны: әдеби мұрасы

Бұқар жыраудың айтқанындай:
Дүниеде не өлмейді,
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді, –
демекші қандай қиын кезеңдерден жоғалмай, жойылмай есімінің ұмытылмай ел ауызында сақталып келуі, әрі саналы, әрі шешен, әрі көсем бар ғұмырын елінің игілігіне арнаған азамат болғандығын айғақтайды. Көне көз, кәрі құлақты қариялардан «Ахметжан туралы не айта аласыз?» деп сұрағанда: «Би Ахметжан ба?», «Болыс Ахметжан ба?», «Ахметжан шешен бе?» деп нақтылай бастайды. Адамның ел алдындағы беделін, құрметін айқындайтын осы сөздердің барлығы бір ғана тұлғаға – Талпақтың Ахметжанына бағытталып тұр. Өзге мәселелерге соңыра тоқталармыз, бірақ, дәл осы жерде бір орынды сұрақтың оқырман ойына оралары сөзсіз. Ол: «Талпақтың Ахметжаны 1866 жылы туған деген дерек қалай және қайдан алынған?» деген мәселе. Тағы да ел ауызында сақталып жеткен бір әңгімеге назар аударуға тура келеді.
Қазақ халқының танымалы қайраткерлерінің бірі, ел бірлігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жүргізген Ақбайдың Жақыбы, қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңдерде да қуғын-сүргін көрді.
Қызы Аргуния әкесі туралы естелігінде былай дейді: «Әкем 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатына келіп оқуға кіреді. 1889 жылы Омбы қаласындағы гимназияда оқып, оны бітірді. Содан кейін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы осы факультетті алтын медальмен тамамдап, оқудағы алғырлығы мен ерекше қабылеті үшін университет советі оған заң магистры деген ғылыми атақ береді». Сонымен, екі жылдай ғана еркіндік көрген, нақтырақ айтқанда, шаңырақ көтеруге ғана үлгерген Жақып Ақбаев 1905 жылдан бастап, отыз жылға жуық уақыт бойына қуғын-сүргінге түседі. Бар кінасы – әділдіктің жаршысы болғаны. «1931 жылы Мұратты да алып кетті. Одан көп уақыт өтпей шешемді де қамап қойды. Төрт бала, үлкені мен, үйде жалғыз қалдық. Бірнеше күн бір бұрышқа тығылып жылап отырғанымыз есімде. Туысқандарымыз да жоқ емес. Бірақ, есік ашпайды, өйткені, «халық жауының» балаларына қамқорлық жасады деген аттан қорқады. Осы бір кез менің денсаулығыма үлкен зиян келтірді. Бірер айдың шамасында шешем де, Мұрат та босанып шықты. Сол кезде, түрмеде отырған әкемнен «Қазақстаннан басқа жаққа көшіңдер» деген хабар келді. Сөйтіп, біз жазда Қарақалпақстанның Төрткөл деген қаласына көштік» дейді Аргуния. Міне, осындай елім деп еңіреген азаматтың жақын досы, тығыз қарым-қатынаста болған Ахметжан да, халықтың қамқоршысы болған адам еді. Ел ішіндегі әңгімеде екі қайраткердің достығының себебін құрдастығына саяды. Ақиқатында, тарихи құжаттар бойынша Ақбайдың Жақыбы да 1866 жылы туған. Бірақ, біздің пайымдауымызша ынтымақтастық олардың құрдастығында ғана емес, мақсат пен мүдденің бірлігінде. Қос тұлға да халықтың қамын ойлаған азаматтар болғандығында.
Көне көз қариялардың айтуынша төңкерістен кейінгі келесі жылы, осы негізге сүйене отырып айтқан біздің пікіріміз бойынша 1918 жылы ақтардың елу солдаты Жуанқоңыр деген таудың бауырында жолаушы келе жатқан үш салт аттыны қолға түсіреді. Үшеудің бірінің Ақбайдың Жақыбы екенін біліп қойған әскербасы оны ұстап қалады да, екеуін қоя береді. Бірақ аттары болдырған ақтар екі күн тынығу үшін сол жерде аялдап қалады. Ал, босаған екеуі бірден Талпақтың Ахметжанына келеді.
– Аға, біз ақтарға кездесіп қалдық. Жақып ағаны ұстап қалды да, бізді босатты. Оны атаманға апарамыз, жауапқа тартады дейді, не істейміз? – деп налиды. Ахметжан болса жүз құр атты алдына салғызып, бір ту биені жетекке алғызып, бірнеше жігітпен ақтарға келеді. Келген бетінде биені сойғызып, астырып, оларды тамақтандырып, жүз атты сыйға тартады. Әбден риза болған әскербасы:
– Мына құрметіңе мен разымын, қандай қалауың бар? – дегенде Ахметжан:
– Бойына талап қонған иісі қазағыма қанат болған, Арқаның бір асылын абақтыға жаптырмақ ойың бар екен. Раыңнан қайт, шешіміңді айт, келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер. Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті, судың да сұрауы бар деген, ойланыңдар! – деп нығыздай айтады. Әскербасы келісіп, Ақбайдың Жақыбын босатады. Ауылға келіп, тай сойдырып, ет астарып, Ахметжанның үйіне «Сәлем береміз» деп, «Әңгіме тыңдаймыз» деп ел жинасады. Ет піскенше біраз әңгіме де айтылады. Әңгіме айтып отырып Жақып мырза әрегідік басын шайқап-шайқап қояды екен. Байқап отырған бір адам сұрақ қойыпты:
– Бағанадан бірі көріп отырмын, сіз әңгіме айтқанда басыңызды неге шайқай бердіңіз?
Сонда Ақбайдың Жақыбы:
– Бүгін Ахаң үлкен іс қылды, сөзі өтіп, тілі жетіп, мені құтқарды. Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай! Ахметжанды оқытпадың, ойына білім тоқытпадың, сондағы ісі мынадай! Егер оқыған болса, ойына білім тоқыған болса, дұшпанды табанына салып иілер еді, иісі қазақты билер еді, – депті. Мұны естіген Ахметжан:
– Иә, бүгін бір үлкен іс қылдым, хабар жетіп ақтардың әскеріне бардым, бастығына қолға салдым, сөзім өтіп, тілім жетіп, Жақаңды босатып алдым. Әй, Ақбай-ай! Әй, Ақбай-ай! Заманның ағымына ердің, Жақыпты орыстың оқуына бердің, оқысын деп еңбек еткіздің, не мұратқа жеткіздің? Иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды бірақ олардан да дұшпан көздер табылды, жала жабылды, қуғын көрді, сүргін көрді! Егер оқытпасаң, әрі барса иісі Арғын ғана білер еді, мен сияқты ел ішінде қуғын көрмей жүрер еді! – депті. Көп ішінде отырған Қосыбай баласы Алтынбек:
– Саудадан бөз қалады, шешеннен сөз қалады, бұл құрдастардың қалжыңы ғой, – деген екен.
Енді біз осы айтылған әңгімеге талдау жасап көрелік. Алдымен деректерге жүгінейік.
Тарихтағы үлкен тұлға Ақбайдың Жақыбын оқырманға таныстыру біздің ойымызша міндетті емес. Өйткені ол қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткер, танымалы азамат. Ал, «Алты Алаштың ардағы» деген айдармен Қайырбек Садуақасовтың жарыққа шығарған «Жақып Ақбаев» деген еңбегінде: «Есімі алты алашқа Мәшһүр болған Жақып мырза Ақбаев 1876 жылғы (1866 жыл болуы керек, баспада басылу барысында жаңсақ кеткен тәрізді М.А.) 7 қарашада кезіндегі Қарқаралы округы, Берікқара болысындағы Төңіректас, немесе қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданындағы «Еңбек» совхозы орналасқан аймақтағы Ақбай қыстағында дүниеге келген» деп жазады. Бұл мұрағат дерегі, тарихы шындық. Егер жаңағы ел ішінде айтылып жүрген әңгімені негіз етіп, Ахметжанды Ақбайдың Жақыбымен құрдас деп қарастырсақ, онда олда 1866 жылы туған болып шығады. Екіншіден, әңгіменің мазмұны өзгеріске ұшыраған, өңделген деуге негіз жоқ. Себебі ол бірнеше ғасырларды басынан өткерген, талай өнерпаздардың елегінен өткен «Қобыланды батырдың» жыры емес. Үшіншіден, әңгіменің өзегінде ақиқаттың жатқандығын тағы да Қ. Садуақасовтың еңбегінен аңғарамыз. Онда: «Қазан төңкерісінен кейін де Ж. Ақбаевтың жағдайы күрт өзгере қоймайды. 1918 жылы ақ қазақтардың ату жазасынан кездейсоқ аман қалған Жақаң Алашорданың белсенгері, ұлтшыл деген айыптан кеңес орындары да байып тапқызбайды» деп көрсеткен. Яғни, осы жолғы құтқарушы Талпақтың  Ахметжаны болуы әбден мүмкін.
Енді шешендік сөздерге назар салып көрелік. «Бойына талап қонған, иісі қазағыма қанат болған, Арқаның асылы». Бұл Ахметжанның Жақыпқа берген бағасы. Сыртқы сұлулығы ырғаққа сәйкес тербеліп тұр. Ал, ішкі мазмұны өте маңызды. «Талаптағы нұр жауар» дейді қазақ. Яғни, шешеннің «талап қонған» дегені, Жақаңа «нұр жауған азамат» дегенді мегзейді. Ал, «қазаққа қанат» болуы «ел жүгін арқалаған азамат» дегенде аңдатса, «Арқаның асылы» деуі «Жақсының аты қалады» демекші, есімі мен еңбегі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді дегенді сездіреді. Өйткені, «асыл» ешқашан тозбайды, солмайды.
Сондай-ақ, Ахметжанның өзі де осал адам емес. Бойына бес қаруын асынған ақтардың әскербасысына күш көрсете сөйлейді: «Райыңнан қайт, шешіміңді айт! Келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер!» яғни, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын деп отыр. Сонымен қатар ескерту де бар: «Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті!» Осының бәрін әскербасы түсінбей отырған жоқ, сезіп, біліп отыр. Көнбеске шара жоқ, өйткені, Ахаң мықты адам, еліне арқа сүйей айтып отыр.
Ал, Жақыптың «Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай!» деуі, немесе Ахметжанның «Әй, Ақбай-ай!, Әй-Ақбай-ай!» деуі, қазақи дәстүр тұрғысынан қарасақ «Құрдастың өзіне өкпе жүрсе де, сөзіне өкпе жүрмейді», замандас тұлғалардың әзілі. Бірақ, әзілдің аясында да ақиқат жатыр. Жақыптың Ахметжанды «Дұшпанды табанына салып илер еді, иісі қазақты билер еді» деп суреттеуі өті жоғары деңгейде бағалауы. Яғни, Жақаң Ахаң сондай деңгейге лайық болғаннан кейін айтып отыр. Сол тәрізді Ахаң да Жақаңды «иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды» деп оның Ресей төңірегіндегі елдердің барлығына танылған ұлт қайраткері ретінде баға береді. Яғни, бұл әңгіменің, мазмұнынан үш мәселені аңғарамыз. Алғашқысы шешендік өнердің тамаша үлгісі, екіншісі тарихи дерек, үшіншісі азаматтардың тарихтағы тұлғасы.
Талпақтың Ахметжаны туралы әңгімелерді, шешендік сөздерін Сағынбай, Бабажан, Ілияс тәрізді қариялардан естіген едік. Олардың арасында Ахаңды көзімен көргендер де бар. Мәселен, ол кісіні алғашқы көруін Әбдудің Ілиясы былайша әңгімелейді:
«1918 жылдың күзі болатын. Әкемнің қайтыс болғанына төрт жылдан асқан еді. Шешемнің айтуымен жас та болсам, малға қарап, ағайындармен бірлесіп бағымға жіберетінмін. Заман талабына орай мал басын азайтып, елуден астам жылқы он шақты сиыр, жүзге тарта қой қалдырған едік. Күздің бір айының ішінде үш рет барымталап жылқының жартысынан көбін алып кетті. Кімдер екенін біле алмай дал болдым. Жасы үлкен ағайындармен ақылдастым. Бір жанашыр:
– Әй, Ілияс, сен өзің біле де, таба да алмайсың. Осы өңірде жақсылығы жаннан асқан, қиналғандарға қол ұшын беретін, ел ішінің жағдайын толық білетін бір ғана адам бар. Ол – Талпақтың Ахметжаны. Саған бір көмектессе сол ғана көмек жасайды. Бірақ, ол кісі алдына барған адамды сынайды. Өтсең қуана бер, өтпесең бір дәм ішесің де қайтасың, реніш болмайды, – деді. Сонымен, немере ағам екеуіміз бармаққа бел буып, бірге аттандық.
Күн шыға аттанған біз түс ауа қажы атаның ауылына келіп, би ағаның көрші үйіне түстік. Жағдайымызды айтқаннан кейін, үй иесі би ағаға барып, қабылдайтынын айтып келді. Сәлден кейін сәлем беріп, табылдырықтан аттадым. Аққұба өңді, ат жақты, бойшаң адам екен. Үстінде оқаланған шапан, басында тақия. Сәлемімді алған бетте:
– Қай баласың? – деді.
– Әбдудің баласымын, атым Ілияс, – дедім.
– Е, Әбдуден бір жетім қалды деп естуші едім, маған келгендегі мақсатың не? – деді.
Алдында ауылдан шыққанда үлкендердің айтқанын әбден ұғып алған мен, ойлана отырып, сұрақтарға абайлай жауап бердім.
– Би аға, келген мақсатым сізге сәлем беру! – дедім.
– Мақсатыңа көңілім толды, тауып сөйледің, енді тілегіңді айт!
– Тілегім сол, сізден көмек сұрай келдім.
Би ағаның мақтағанына көңілім көтеріліп, еркін сөйлей бастадым.
– Көмегіңе қол ұшын берейін, шаруаңды айт!
– Менің жетімдігімді басынып, малымды ұрлап алды, соны таптыруға жәрдем етсеңіз!
– Ұры мықты болса жылқы ұрлайды, күпті болса сиыр ұрлайды, қартайғанда қой ұрлайды, жантайғанда астындағы көпшігін ұрлайды, не жоғалттың? – деді.
– Жылқы – деп жауап бердім.
– Жарайды, таптырамын, ертең кешке дейін еліңе жеткізеді, ал өзің әкең Әбдудің сыбағасын жеп қайт! – деді де, сырттан кіріп келген бір жігітке, – Мына Әбдудің ұлына бір жауыр атты жетегіне байлаңдар, – деп маған сынай қарады. Би ағаның көзқарасын түсінген мен, бірден жауап қаттым:
– Би ағаның қолынан алған жауыр ат, жай адамнан алған тұлпардан көш ілгері емес пе? – дедім.
– Бала болсаң да байыпты сөйлеуді үйреніп қылған екенсің, адамды семіртетін көңіл, ширататын өмір ғой, алдыңнан жарылқасын, – деп ризашылығын білдірді. Сол сәтте әлгі жігіт есікті ашып:
– Би аға, бізде жауыр ат жоқ екен, не істеймін? – деді. Би ағаң қынжыла жауап қатты.
– Осы күнгі жастар сөз астарын түсінбейтін болып барады. Нұрлан деген болыс таз адамды кемсіткенде Жұмыр деген шешен: «Болысеке! Ит жақсысы тазы болады, ет жақсысы қазы болады, жер жақсысы саз болады, мезгіл жақсысы жаз болады, құс жақсысы қаз болады, адам жақсысы таз болады» деген еді, менің «жауыр ат» дегенім әбден бапталған тәуір ат дегенім емес пе? Дұрысын беріңдер! – деді. Би аға мені бала деп олқысынбай барған шаруамды тындырып қайтарды».
Абдуов Мухаммадғали Ильясович,
ф.ғ.д., профессор

«Интеллектуалды әлеует елдегі әлеуметтік модернизацияны жүзеге асырудың факторы ретінде»

«Интеллектуалды әлеует елдегі әлеуметтік модернизацияны жүзеге асырудың факторы ретінде»

 

 

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды

мемлекеттік университетінің

саясатану және әлеуметтану

кафедрасының доценті,

с.ғ.к. Д.Б. Кошербаевтің

Сот.тел:87015803500

 

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен ақ, біз еркін демократиялық қоғамды дамытудың жедел бағытын жария ете отырып, тәуелсіз Отанымыздың саяси тарихының жаңа да жарқын болашағына қадам жасадық. Осыған орай, Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» – дей отырып, бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырта отырып, жаңа қоғамды қалыптастыру екендігін тағы бір баса айтқан болатын.

Елдегі саяси реформалардың екі он жылдық тарихына қарамастан Қазақстан әлемнің демократиялық мемлекеттеріне өзінің ұстанған адами құндылықтары мен нормаларынан бас тартпайтындығын көрсеткен болатын. Әрине, Қазақстан мен демократиясы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан Батыстың демократиясынан айырмашылығы мол, бұл тек саяси-экономикалық жүйелердің даму үрдісінде ғана емес, сонымен қатар тарихи, мәдени ерекшеліктерден айқын көрінеді. Алайда, мемлекетіміздің демократиялануының аз ғана тариғына қарамастан, осы жолда жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес.

Жәнеде демократиялық мемлекет құру Елбасының немесе жекелеген әлеуметтік топтың ғана міндеті емес, көпшілік болып жұмылғанда азаматтық қоғам принциптеріне жақындай түсеміз. Әрбір қазақстандық өз елімнің гүлденуіне қандай өзіндік үлес қостым деген сұраққа жауап беруге тиіс. Нақты экономикалық табыстарға негізделген және Жалпыұлттық тұжырымдама арқылы жүзеге асатын Қазақстанның жаңғыртылу жетістіктері осыған тікелей байланысты. Сондықтан қоғамның бүкілдерлік саяси субъектілері етене жұмыс жасаулары қажет.

Осы жерде қоғамдағы әлеуметтік жаңаруларды жүзеге асыру міндеті елдегі интеллектуалды әлеуетті арттырмайынша жүзеге аспайтындығы анық. Ол ең алдымен демократиялық үрдістердің нәтижелі жүруі мен қолайлы алғышарттарға байланысты. Себебі, бүгінгі тарих көрсетіп отырғандай демократияға бет бұрған посткеңестік мемлекеттердің барлығы дерлік демократиясы орныққан мемлекеттерге айналды деп айту өте қиын. Көп жағдайда демократиялық құндылықтардан гөрі аталмыш мемлекеттерде авторитарлық сарындағы принциптердің басым тұратындығы айқын. Алайда, демократияның нышандары мен базалық нормалары жоқ деп те кесіп айтуға да болмайды. Себебі, демократия бір жылда немесе он жылдықта өзінен өзі құрыла салатын үрдіс емес. Ол өте күрделі құрылым, сондықтан демократияның орнығуы үшін уақыт және белгілі ресурстар қажет.  Осы сұраққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» жаңа бағдарламалық мақаласында халқымыздың өз мемлекетін өркениетті елдер қатарына көтеру жолындағы әлеуметтік бағыттарын толық қамтыған мәселелерді көтереді. Осы тапсырмалар толығымен жүзеге асқанда ғана халықтың денсаулығы жақсарып, білімі мен біліктілігі артатыны, тұрмыс деңгейі көтерілетіні,  тіршілік етуі жақсаратыны, еңбекке белсенділігі артатыны, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына еркін еніп, бәсекеге қабілеттілігі қалыптасатыны айқындалған. Бұл тапсырмаларды орындау арқылы еліміз тағы бір жаңа белеске көтеріледі, қоғамның  адам үшін қызмет ету мүмкіндігі арта түседі.

Елбасының идеясы қоғам өмірінің барлық саласын қамтиды – саясат, экономика, білім беру, ғылым, бизнес. Осылардың ішіндегі маңыздыларының бірі білім беру.

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ғаламдық бәсекелестік жағдайындағы жаңа талаптарға жауап беретін жоғары білім берудің икемді жүйесін құруға ұмтылуда. Бәрімізге белгілі, экономикасы мен азаматтық институттары қалыптаспаған елдерде білім берудің тиімді жүйесіде орнықпаған. Қоғамның сауаттылығы, адами капиталдың сапасы Қазақстанға әлемдік үрдістерге әсер етуге қабілетті бірқатар мемлекеттер қатарына кіруге мүмкіндіктер бере отырып, демократиялық институттардың орнығуына да қолайлы жағдай тудырады.

Қазіргі ақпарат заманында ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері қолданылатын өндіріс, сауда, қызмет көрсету саласы рөлінің арта түсуіне байланысты еліміздің бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Қоғамдық өндіріс салалары да, еліміздің өзі де білім беру жүйесі бәсекелестік қатынастарға төтеп бере алған жағдайда ғана бәсекеге қабілетті болмақ. Бүгінгі таңда кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігіне келіп тіреледі. Сондықтан барлық дамыған елдерде білім беруге жете назар аударуда.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің ел өмірінде алатын ерекше рөлін: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» – деп нақты белгілеген болатын.

Сондықтан бүгінгі күнгі озық технологиялар мен жаңашыл ойларды жетік игерген, өзінде, елінде таныта алатын азаматтарды тәрбиелейтін ыңғайлы оқу жүйесі болуы керек.

Әлемдік білім беру жүйесінде көш керуен алда келе жатқан алдыңғы қатарлы елдердің тәжербиесін саралай отырып, оқу жүйесінде байыпты өзгерістер жасаған абзал. Оның ішіндегі негізгі салмақ жоғары оқу орындарына түспек. Себебі еліміздің жоғары оқу орны жүйесі тек жоғары білім берудің ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің жаңаруына ұйытқы болуы аса қажет. Есімі әлемге әйгілі испандық философ және мәдениеттанушы X.Ортега-и-Гассет «Миссия университета» еңбегінде университетті интеллектуалды элитаны тәрбиелеу орталығы дейді. Ғалым университеттің міндетін «дарындылар аристократиясын» тәрбиелеуден көреді. Яғни интеллектуалды элитаны элиталық білім бере отырып тәрбиелеп өсіріп шығаратын жер жоғары оқу орындары. Элитарлық білім интеллектуалды элитаны қалыптастыратын бірден-бір негізгі көзі.

Осыған сәйкес бүгінгі ақпараттық демократияллық қоғамда жоғары білімді беру жүйесінде ақпараттық-технологиялық мүмкіндігі мен бітірген маман-түлектерінің сапасына және онда түсу талаптарына сәйкес  ЖОО-н бірнеше түрлерге бөледі. Осыдан барып қазір жоға­ры кәсіби білім берудің екі түрі бой көрсетті: бірі қызмет көрсету сапасы жоғары элиталық білім беру, екіншісі жоғары білім берудің қалың көпшілікке арналған түрі. Бүгінгі күні осылардың ішінде кең тарағаны элитарлық оқу. Біздің елімізде элитарлық білім жүйесін қолға алуда. Алайда бұл азғана уақыттың ішінде қалыптаса қоятын үрдіс емес. Мәселен, есімдері мен білімі әлемге әйгілі Гарвард, Принстон, Йель, Оксфорд, Кембридж, Сорбонна, Москвалық, Токиялық және т.б, университеттер аймақтық қана емес, сонымен қатар әлемдік интеллектуалды элитаны тәрбиелеудің негізгі көздеріне айналып отыр.  Бұлардың да өзіндік қалыптасуының ерекше үлкен тарихы бар. Олар  көптеген тарихи, мәдени фактролардың әсерімен етене дамып жетілген білім ордалары.

Бізде осындай элиталық білім жүйесіне ұмтылуымыз қажет. Ол үшін,  профессор Е. Жатқанбаевтің пікірінше «еліміздегі әрбір жоғары оқу орны қазіргі заманғы университеттердің қандай түріне өтуіміз қажеттігін айқындап алулары тиіс. Олар – жобалаушы, зерттеуші, педагогикалық, т.б түрлерге бөлінеді. Университеттердің басқа да типтену түрлері бар. Дамыған елдердің жетекші университеттері жобалаушы немесе зерттеуші түрлеріне жатады немесе олардың синтезін құрайды. Менің ойымша, біздің уни­вер­ситеттерде мойын бұрғызбас лекциялар мен семинарлар үстем болып келетін «жоғары мәртебелі» оқу жоспары басымдыққа ие. Дамы­ған әлем бұл типтен ХХ ғасырдың 70-ші жылдары арыла бастады». Яғни оқу жүйесін бүгінгі заман талаптарына сай, бәсекеге қабілетті, «икемді» мамандар даярлайтындай жаңа мазмынға толтыру қажет.

Мемлекет басшысының 5 қыркүйек күні Назарбаев Университетінде оқыған «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінде атап өтілгендей, еліміз бүгін «білім-ғылым-инновация» деп аталатын үштағандық жүйе басқаратын постиндустриялық әлемге қадам басты. Қазақстанда білім жүйесі қарқынды түрде дамуға, жаһандану және ақпараттану сияқты жедел дамып келе жатқан әлемдік үрдістерге жауап беруге қабілетті болуы керек.

Жоғары оқу орындары аталған талаптармен қатар, инновацияға да көңіл бөлгені абзал. Дамыған елдердің жоғары оқу орындары рыноктық қатынастар субъектісіне айналған. Ғылыми және инженерлік білімдер коммерциялық өнімдерге, лицензиялар мен патенттерге айналып, сауда нысаны ретінде сатып алынады және сатылады. Осы заманғы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары инновациялық технологиялар мен еңбек рыногындағы жаңа тұрпатты қызметкерлерді туындату орталығы болды.

Сонымен қатар Елбасы «Болашақ» степендиясына иегер жастармен Астанадағы кездесуінде «Болашақтың» бәсекеге қабілетті ұлттың қатарына қосылу үшін жасалған ең маңызды жобалардың бірі екеніне тоқталды. «Мұны ұғу үшін дамудың жаһандық бағыты қалай қарай кетіп барады, соны білуіміз керек. Заманауи прогрестің мәнін білуіміз керек. Қазіргі шындық мынадай: бүгінгі мемлекет өзінің интеллектуалды ресурстарымен бәсекеге түседі. Дамыған елдердің ұлттық байлығының 75 пайызы осы интеллектуалдық капиталды құрайды. Бәсекенің бастысы – білімнің бәсекесі. Алдыңғы қатарлы елдердің экономикасы ғылым мен бизнестің аспектілеріне негізделген…. Біз инновациялық төнкеріс үшін дайындықтамыз. Нақты мақсатымыз бар. Ол – халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыс істейтін жоғары технологиялық мемлекетке айналу. Өйткені, мұнай-газды, басқа да ресурстарды біз мәңгілікке пайдалана алмаймыз. Біздің мақсатымыз мынадай басымдылықтарға ие болады. Бұл ең алдымен, басқарудың тиімді тетігін білетін жастардың шоғырын қалыптастыру. Олар мемлекеттік басқару мен бизнес саласын жетік меңгерген мамандар болуы қажет. ХХІ ғасырда қалай жұмы істеу керектігін білетін мамандар Отанның мақсат-мүддесін алдыңғы орынға қоятын патриоттар болып қалыптасады. Оның үстіне олар менеджменттің де қыр-сырын білетін болуы керек. Жаңа идеяларға бастамашы болуы шарт. Өйткені, біз мемлекеттік басқаруға білімді, жан-жақты дайындығы бар, тәжірибелі адамдарды тартамыз…» – деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті осы орайда интеллектуалды ұлт – 2020 идеясы турасында әңгімеледі: «идеяның басты мақсаты – жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу. Елді адам капиталы арқылы бәсекеге қабілетті ету. Бұл үшін біріншіден, білім жүйесінің инновациялық дамуына жолаушы керек. Бізде әр жеті-сегіз жыл сайын өз ісінің шеберлері көбейіп келе жатқаны дәлелденіп отыр. Сөйте тұра, осыны қанағат тұта отыра бермей, жастар бойында қас пен көздің арасында жаңарып жатқан ақпарат тасқынынан өзіңе қажеттісін іріктеп алатын жасампаздықты шыңдау қажет. Бұл үшін жаңаша оқыта алатын ұстаздар керек… Екіншіден, электрондық қызмет көрсетуді жаңа заманға сәйкестендіру керек… Үшіншіден, жастардың рухани тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу…».

Елімізде ел келешегін ойлаған интеллектуалды элитаны қалыптастыру мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған елеулі саясатымен үндеседі. Жастардың оқуына жұмсалған шығын ертең интеллектуалды өнім есебінде елге қайта оралады. Бұл бір жағынан мемлекетке байланысты болса екінші жағынан жастардың білімге деген құштарлығына байланысты. Сондықтан жастарды білімге тартқан абзал. Бұл, өз алдында әлеуметтік жаңаруларды тиімді етуге әкелері сөзсіз.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - ӘЛЕМГЕ ЖАҢАША ҚАРАУ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ӘЛЕМГЕ ЖАҢАША ҚАРАУ

 

Молдабаева Роза Апакбаевна

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Психология кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгендігін түсіндім. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін.

Ресми деңгейде статегиялық маңызы зор құжат пен мемлекет басшысының жолдауына қатысты бірінші рет пікір айтқалы отырмын. Бірақ біздің өміріміздің шындығы, әр қайсымыздың құндылықтарымыз, осы өмірдегі Адамзаттың миссиясы, оның әлемді өзгертудегі үлесі мен тұлғалық және отбасылық, кәсіби тұрғыда шеше алатын мәселелері туралы күнбе-күн айтып жүрміз. Бұл мәселелер жоғары оқу орны өкілі ретінде, екі кезеңнің ұштасуында тәжірибе жинап өскен адам ретінде мені де мазалайтыны сөзсіз.

Кезінде Абай атамыз «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» деген болатын. «Адами фактор мен капитал» феноменінің маңызы, адами капиталды дамыту концепциясы әлемдік деңгейде алдыңғы қатарға шықты. Демек, ХХІ ғасырда мемлекеттер тек өнім және технологиямен ғана емес, сонымен қатар сапалы адами капиталмен де бәсекеге түседі.

Сондықтан, бүгінде біз Ел басының жолдауындағы Адам, оның жасампаздығы мен психологиялық саулығы мәселесінің өзекті екеніне көзіміз тағы да жетіп отыр.

Президенттің жолдауындағы алты бағытты талдау, оның бесеуінің сана- сезім, білім, ақыл, зияткерлік сияқты ұғымдарға негізделетінін көрсетті.

Бұдан Қазақстандықтарды әлемге, өзіне жаңаша қараудың жаңа формасына өтетін, өзінің тұлғасын және кәсіби өсуді ұйымдастырудың прагматикалық қатынасы қалыптасатын кезеңнің туып келе жатқанын байқауға болады. Адам санасы «Бұл әлем маған не береді? » деген тұтынушы ойлау моделінен «Мен әлем үшін не істей аламын?» деген прогрессивті ойлау моделіне көшеді.

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға бағытталған латын әріптеріне көшу, аударма әдебиеттерді дайындау, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтарды дайындауға көңіл бөлу жаңа зерделі мамандардың, Қазақстанның технологиялық ресурстарын дамытудың қажет екенін білдіреді.

Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің ролі зор.  Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. Бүгінде үш тілді, тіпті оданда көп тілді меңгерген балалар бар. Олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Олар өз туған тілін, тарихын, салт дәстүрін жақсы біледі, өте білімді балалар.

“Ел болам десең, бесігіңді түзе” дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы –білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.

Елбасымыздың жолдауында көрсетілген мәселер қазақ халқының жоғары ұстанымына сай, яғни ұлттық сана сезіміне, ұлттың мәдениетіне, тіршілік әрекетіне, өзара әрекеттестік пен өзара қарым –қатынас саласына, бейбіт өмірді құндылық ретінде қарастыруына, дүниеге-табиғатқа, қоғамға, мәдениетке, адамға ықпал етудің ізгілікті, рухани негізіне, психологиялық саулық мәселесін оң шешелетінін сеніміз мол.

Подготовка будущих специалистов в условиях модернизации общества

Подготовка будущих специалистов в условиях модернизации общества

Р.Т. Алимбаева

к.пс.н., доц. каф. психологии

КарГУ имени Е.А.Букетова

Статья Президента РК Н.А.Назарбаева «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания» четко расставила приоритеты в духовном развитии современной молодежи. Для того, чтобы двигаться вперед, надо измениться. И эти изменения, прежде всего, касаются научных и педагогических кадров страны, так как на них лежит большая ответственность в формировании интеллектуального потенциала молодого поколения. Кафедра психологии, факультета философии и психологии КарГУ имени Е.А..Букетова предприняла определенные шаги в реализации Программной статьи Главы государства. Для «сохранения своей культуры, собственно национального кода» студентам и магистрантам читаются курсы «Этнопсихология» и «Психологические проблемы инкультуризации личности», где происходит закрепление у студентов доминанты на самореализацию личностного потенциала через развитие национальной идентичности, творческого мышления, коммуникативную компетентность. XХI век – век высоких технологий выводит на совершенно новый уровень развития наше общество: обмен информацией, общение между людьми, способы построения отношений. Роль информационных технологий в жизни отдельного индивида и всего общества в наши дни настолько велика, что становится невозможным игнорировать их очевидную социальную значимость. Поэтому «Цифровой Казахстан», программа трехъязычия и программа культурного и конфессионального согласия выполняется в рамках учебных дисциплин «Psychology of religion», «Информационные системы и базы знаний по психологическим наукам», которые являются частью подготовки конкурентоспособного специалиста. Перед нами были поставлены конкретные задачи, чтобы войти в будущее, не нужно забывать ценности прошлого. И одной из них является переход с казахского языка на латиницу. Начиная со следующего учебного года, студенты будут изучать латинскую графику, которая поможет легче ориентироваться в международном информационном пространстве. Возникла необходимость повышения роли гуманитарных кафедр, для выполнения проекта «Новое гуманитарное знание. 100 новых учебников на казахском языке», которые помогут студентам учиться по «лучшим мировым образцам».

Немалое значение уделяется воспитанию студентов любви к Родине, культуре, обычаям и традициям, которые являются «основой культурно-генетического кода».

Задачи модернизации стоят перед каждым мыслящим человеком, перед каждым молодым человеком, перед каждым, кому не безразлично будущее страны и кто готов «построить свое лучшее будущее»!

Рухани жаңару – кемел келешектің кепілі

Рухани жаңару –кемел келешектің кепілі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты мақаласы   біздің кемел келешігіміздің алтын арқауы.  Кезінде қытай ғұламасы Конфуций  «халықты дамудың бұрын-соңды болмаған қуатты жолына түсірген, тарихта тәлім қалдырған тұлғаларды өмірден өзінің орнын тапқан адам»-  деген тұжырым жасаған екен. Осы бір ойдың кемеңгер кейіпкері елбасымыз емес пе деген ой келеді. Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңару»-ға шақыруы еліміздің келелі келешіне бағытталған,  халықты жарқын болашаққа, бағыттаудың бағдарламасы іспеттес.  Келешекте халқымызға әлемдік дамудың  даңғыл жолын айқын көрсетіп, келер белестерді  жаңарған санамен  бағындыруға үндейді. Адамзат жайлы адами ізгі қасиеттердің биігінен көрінген адам ғана  тарихпен бүгінді, бүгінмен ертеңді рухани сабақтастырып болашаққа бағдар жасайтыны белегілі болса керек. Кезінде Гераклит адамзаттың таза көңілмен қштасуының үш тірегін мәлімдеп көрсеткен екен. Олар:  ой бірлігі, сезім бірлігі, ерік бірлігі. Ой бірлігі- рухани табысу, сезім бірлігі – діни ұстанымдарды құрметтеу, ерік бірлігі – сатусыз қызмет дейген тұжырым жасағаны мәлім. Елбасының рухани жағаруға деген көзқарасы  өзіндік жаңа форматтағы бүгінгі таңдағы ерекше құндылыққа толы құнды ойлар қоры болып отырған белгілі.Елбасымыз  жаһанға түбегейлі  жаңару жоспарын ұсынды сонымен қатар  қоғамдық сананы, танымды  рухани жағару арқылы өзгертуге бағдар беріп, келешекке нық қадам жасауға рухани серпін, рухани қуат беріп қоғамды тағы да бір жаңарысқа толы  бағдаршамды жаққанда тебірегенбеген жан жоқ шығар сірә. Бұл рухы әлсіреген, ойы шашыраған, қалтарыстан жол таппаған талайлардың санасына жарық еткен сәуле түсірді, өмірге жаңа бір көзқарас қалыптастырып, қуат берер  рухани қазынаның қайнар көзі деп білемін.

Қазіргі таңдағы күн санап болып жатқан өзгерсітер әлемінде өмір сүру, алдыңғы қатарлы отыз елдің ортасынана орын алу үшін алдымен рухани жаңару қажет.Рух  биіктігі санамен сабақтасып  тұлғаны кемелдендірудің берік діңгегі табылады.

Әлем күн санап сан қырлы өзгертерге ұшыруда. Жаңа тарихи кезең қарсаңында рухани жаңару – ұлт санасының жаңаруын жүзеге асыруды көздейді. Жаңа дәуірде  заман талабына икемделу, жаңа қоғамның жағымды жақтарын санамызға сіңіруге негізделеді.  Саналы түрде жаңару өтке тарихымызға, дәстүрлерімізге сын тұрғысында сынап қарамай, заманның сынанан, тарихтың талқысынан өткен озық тәжірибеміздің жалғасын табу. Сонымен қатар  рухани-саналы жаңғырудың қайнар көзіне айналдырып,дамудың арнасын  тасытып, ауқымын кеңейтуде тиімді қоданылуы шарт.Рухани жағару -ұлттық болмысымызды сақтай отырып, келешекке нық қадам басу, болашағымыздың жарқын болатындығына кемел сенуге, тек сеніммен келешекке қадам басуға шақырыр рухыңды асқақтатып, жаныңа жалын берер орамды ойлардың, орайлы пікірлердің жүйесі екені белгілі. Ұлттың рухани жағаруы ұлттық сананың өзіндік қалыптасқан құдыретімен байланыстылығында, және халқымыздың өмірлік тәжірибесі қиын-қыстау сәттерден ақыл парасатымен,  ұлттық құнылығымен  жол тауып, келер күнге сеніммен нық қадам басып алға ұмтыла білетін  қасиетімен  қашанда қадірлі.  Рухани жаңғыру тамырын тереңге жайған тарихымыздың, бүгінгі өмір салтымыздың, жарқын болашағымыздың  өзара сабақтасыр бір арнада тоғысуынан туындаған   ұлттық санамыздың  рухани үйлесімнің кепілі.  Сана ашықтығы жастарымыздың дүниенің шар тарабында  ойып орыны табуға бағыттайды. Қоға сұранысы күн санап өсіп, өзгеріп отырған заманда «сен де бір күрпіш дүниеге тететігін тап та бар қалан» деп ғалама  Абай айтқандай , елбасымыз жаңа заманда жаңа талаптарға сай болып әлемдігі алдыңғы қатарлы ел қатарында болудың бір шарты жастардың білімділігіғ біліктіліг мен іскерлігінде екенін айқын көрсеткен. бір сөзінде елбасымыз «қазір бой жарыстыратын кез емес ой жаорыстыратын кезең деген болатын» осы бір ойлар өзара орайласып,  сабақтасып жатыр емес пе, ол үшін саналы түрде рухани жаңарудың орны ерешке екені тағыда  белгілі. Ұлттық сананың кемелденуі ұлттық жаңарудың кепілі делінген бұл ұлттық сана сезімді  ұқлттық тарихымызды қастерлей отырып,  ұлттық құндылықтардың, ұлттық бай мұрамыздың негізінде, ұлттық мәдениетімізді қадірлей отырып кеңейтуге, кемелдендірудің бағдары. Осы алатған ұлттық сипатымызды сақтай отырып,  оның сипаттарын өзгертуге негізделеді. Ұлттық болмыс сақталғанда ғана, ұлттық мәдениет жалғасын тапқанда ғана жаңару жүзеге асыда, жаңару құныдысын алып, кертартпасын қалдыруға деген жоғары талғам болуы шарт екені айқын аталған. Демек рухани жағарудың әр  бағытында психологиялық астар жатыр.   Айтылған жайттарды жүзеге асыруда замандастарымыздың өмірге беген тұлғалық бағыттылығы, өмірге деген таламы, тануға деген танымдық жүйесі, сараптауға салар санасы жатыр емес пе олай болса  жағару психологиялық тұрғыда жүзеге асатыны белгілі.Психология рух –жан дүниенің арқауы олай болса  рухани жаңару адамның жан дүниесінен орын алып санасында орнығуы шарт, сонда келмелді келешектің болашағы жарқын болмақ деген салмақты ойлар рухани жаңаруда орын алған.

Олай болса айтылған құнды ойларды жоғары оқу орныныда болашақ мамандарды дайындауда тиімді қолдану біздің басты мақсатымыз. Рухани жаңаруда психологияның көптеген салалары қарастыратын мәселелер қамтылған. Онда «тұлға психологиясы»,«этнопсихология», «дін психологиясы», «әлеуметтік психология» «педагогикалық психология» «ұжым психологиясы», «саяси психология» т.б.  пәндердің негізіне үлес қосар басты мәселелер қарастырылған. Осы орайда рухани жаңаруды басты назарға ала отырып  болашақ мамандарымызды ертеңгі еңбек майданына дайындау біздің кемел келешігіміздің, рухани дүниеміздің бай, сенімді ертеңіміздің кепілі болмақ.

Әлеуметтік ғылымдарының магистрі,

психология кафедрасының аға оқытушысы     Нұрғалиева С.М

Роль модернизации в достижении личного успеха

Роль модернизации в достижении личного успеха

 

Старовик П.П., магистр гуманитарных наук,

старший преподаватель кафедры социальной работы и социальной педагогики

Карагандинский государственный университет им. Е.А.Букетова, г. Караганда,

starpav@mail.ru

 

Важнейшим условием развития общества всегда были высокопрофессиональные качества специалистов всех уровней. Для успешного функционирования  государства такие требования предъявляются, в первую очередь, к профессионализму работников. Существуют целые отрасли знаний, отработанных методик, которые формируют качества руководителя, лидера и значит во многом успешного человека. Путь к успеху индивидуален, но критерии успешности в сегодняшней ситуации определен достаточно ясно: достижение поставленной цели, общий положительный результат в решаемой задаче, уважаемый социальный статус. Все критерии сходятся в одном необходимом условии – деятельности, которая может выражаться в личностном росте, самосовершенствовании человека.

На фоне глобального кризиса Казахстан  – одна из немногих стабильных и благополучных стран, где, прежде всего, экономические показатели, постоянно растут. Республика успешно входит в мировое экономическое пространство, где существуют новые пути развития и новые препятствия, требующие рациональных методов решения. В программе «Социальная модернизация Казахстана: Двадцать шагов к Обществу Всеобщего Труда» и программной статье«Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания» таким существенным препятствием на пути к этому, президент Казахстана Н.А. Назарбаев называет идеологию потребления, породившую «извращенную мотивацию к труду» – социальное иждивенчество, ставшее одной из фундаментальных причин культурного и экономического спада развитых стран. Такого рода «ложные ориентиры» существуют и в казахстанском обществе. Избавиться от них возможно путем создания системы концептуально новых идей.

Усвоение данного положения связано с  изменением сознания казахстанцев в сторону самоорганизации и фактического принятия условий гражданского общества. Необходим модернизационный процесс решающий задачи эффективности функционирования социальных отношений, «зарождения и развития креативного класса», создание профессионального корпуса госуправленцев, внедрения новой мотивации к труду, основанной на высокой личной ответственности.

Однако существует ряд барьеров институционального характера, преодолеть которые можно целым комплексом качественных мер, влияющим на формирование и развитие современного гражданина. Эти меры направлены, прежде всего, на изменения в правовой и образовательных сферах, что приведет к новому пониманию каждым своей роли в обществе, основанном на принципах права и справедливости, а значит иной культуре мышления.

Процесс создания новой культуры мышления, модернизации общественного сознания, претендует на универсальность своих принципов и подходов, закономерностей в изучении и развитии видов деятельности. Она во многом связана с концептуальным представлением о развитии профессионализма во всех сферах человеческой деятельности.

Модернизация общественного сознания акцентируют внимание и выделяют понятие «зрелой личности»,которая определяется, в сою очередь, зрелостью уровня морально-нравственных качеств человека. Это есть не конечный результат развития духовных, интеллектуальных и физических способностей, а процесс направленного гуманистического  развития личности.  Прогресс личности предполагает качественное развитие деятельности и ее уровней – мастерства и творчества. Поэтому модернизация общественного сознания может рассматривать проблему  совершенствования гражданина как субъекта деятельности, оптимизации деятельности (прежде всего профессиональной), мастерства, творчества.

Конечно, существует ряд внешних факторов, влияющих на человека. Но личностный аспект предполагает, прежде всего, механизмы самоорганизации и самосовершенствования, которые должны исключить уже на ранних этапах этого процесса социальный инфантилизм – качественную характеристику индивидного состояния человека.

Есть разные причины, которые не позволяют решать задачи модернизации методологически. Существует опасность политической, психологической или религиозной идеологизации модернизации. Выбор одного из направлений дал бы импульс исследованиями личностного аспекта, но привел бы к потере статуса объективного и интегративного процесса. Необходимо развивать комплексное понимание прогрессивного развития человека, как индивида, субъекта и личности. Здесь возникает несколько проблем с обозначением личностного аспекта модернизации: определение мировоззренческих позиций и, соответственно, стандартов и эталонов ориентированных на профессиональное развития человека.

Данное направление модернизации не может плодотворно развиваться без соответствующих философских, исторических и культурологических исследований, поэтому сейчас ведутся поиски философских основ, прошедших все переходные этапы, с полной методологией, раскрывающей культурно-историческим рамки формирования общественного сознания.

Top